Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 44-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заңымыздағы билік тармағын, Президенттің құқықтары мен міндеттерін қамтыған көлемді баптың бірі осы – 44-бап.

21 тармақшадан тұратын баптың осы жолы 6 тармақшасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

44-бап арқылы бұрын суперпрезиденттік басқарудың шектеусіз билігі бір адамның бүкіл билікті өз қолына ұстауына мүмкіндік берген болатын. Референдумға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа жобасында бұл мәселелер айтарлықтай жөнге келді деуге болады. 

Мысалы, Президенттің құзыретіне қатысты қазіргі қолданыстағы Конституцияның 44-бабының үшінші тармақшасында мынадай жолдар бар: «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;». Яғни, Мемлекет басшысы қандай да бір жағдайда әкім қызметін тоқтатуға құзыретті болып келген. Енді жаңадан дайындалған Конституция жобасында бұл жолдар алынып тасталады. Демек, Президенттің құзыреті біраз шектелді деген сөз.

Жалпы Конституциялық реформаны ұсыну арқылы, соған қатысты референдум өткізуді ұсынып, өзінің уәде берген міндеттерін іс жүзінде жүзеге асыруда Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын өзі бастап іске асырып келеді деуге толық негіз бар. 

Бұған дейін Ата заң 4 рет өзгерген, оның барлығында халық талқысына салмай, тек Парламент палаталарының мақұлдауымен өзгертіліп келгенін еске алғымыз келеді. Ал ел тарихында 27 жылдан кейін ғана референдум өтіп отырғанын да кәперге түю керек.

Сонымен, 21 тармақшаның алтауына өзгеріс енгізілген 44-бапта не өзгерді деп ойлайсыз? Төменде салыстыра жазып қойдық, оқып көріңіз.

Айта кетейік, Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

44-бап

Жаңа нұсқада: 44-бапта:

1) 2) тармақшадағы «Парламент Сенаты» деген сөздер «Парламент» деген сөзбен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 44-баптың 2-тармақшасы 

2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;

Жаңа нұсқада: 44-бапта

2) 3) тармақшадағы «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;» деген сөздер алып тасталсын;

Ескі нұсқада: 44-баптың 3-тармақшасы

3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;

Жаңа нұсқада: 44-бапта

3) 4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасын, Ұлттық банкінің төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;»;

Ескі нұсқада: 44-баптың 4-тармақшасы

4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;

Жаңа нұсқада: 44-бапта

4) 7) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 44-баптың 7-тармақшасы

7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;

Жаңа нұсқада: 44-бапта

5) 10-1) тармақшадағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 44-баптың 10-1-тармақшасы

10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды;

Жаңа нұсқада: 44-бапта

6) 19) тармақшадағы «Хатшысын» деген сөз «кеңесшісін» деген сөзбен ауыстырылсын.

Ескі нұсқада: 44-баптың 19-тармақшасы

19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесі мен өкілеттігін анықтайды; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады;

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар:

4-бап 

6-бап

15-бап 

23-бап

24-бап 

42-бап

43-бап.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы