Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 43-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заңымыздағы Президент міндеттері мен құқығын белгілейтін тағы бір бап – 43-бап.

43-бап бұған дейін екі-ақ тармақтан тұратын. Оның өзінің біреуі 2007 жылы алынып тасталған еді. Ал осы жолғы Конституциялық реформа бойынша ұсынылған жобада бұл бапқа тағы екі тармақ қосылды. Яғни бұдан былай 43-бап 4 тармақтан тұрады.

Жаңадан қосылатын екі тармақтың алғашқысында «Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс» екені атап көрсетілген.

Тіпті, Конституцияның жобалық нұсқасы ұсынылмай тұрып, Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының басшылығынан кетіп, партия қатарынан шыққанын да атап өтуге болады.

43-баптың жаңадан қосылған екінші тармағы да елдегі суперпрезиденттік басқаруға тосқауыл қоюды көздейді. Онда Мемлекет басшысы болып отырған адамның туған-туыстары «мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің» басшысы бола алмайтыны туралы ашып жазылған. 

Бұл екі тармақта елдегі ұзақ жылдар билік айналасына шоғырланған рушылдық, жершілдік, кландық топтасудың алдын алуға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. 

Сонымен, Президент қызметі мен мүмкіндіктерін анықтай отырып, шексіз билікке шектеу қоятын 43-бап қалай өзгергенін оқып көріңіздер.

Айта кетейік, Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

43-бап

Жаңа нұсқада: 43-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

«3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ».

Ескі нұсқада: 43-бап

1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

2. алып тасталды

Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 заңымен​.

Есретіңізге сала кетейік, бұған дейін Конституциялық реформада өзгертілген 4-бап пен 6-баптың, 15-бап пен 23-баптың және 24-бап пен 42-баптың қалай өзгергені жайлы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы