Бүгiн 2026, 11:29 Фото: видеодан скрин

Конгода карантинге қарсы шыққан жұрт Эбола орталығын өртеп жіберді

Жергілікті халық карантин мен жерлеу рәсімдеріне қойылған шектеулерге наразылық білдіруде.

Конгода тұрғындар Эбола вирусын емдейтін орталықты өртеп жіберді. Оқиға 21 мамыр күні елдің шығысындағы індет ошағына айналған Рвампара қаласында болған.

 Associated Press таратқан ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғындар карантин шараларына наразылық білдіруде. Билік Эболадан қайтыс болған адамдарды жерлеу рәсімін бақылауға алған, себебі марқұмның денесі әлі де аса қауіпті инфекция көзі болып саналады. Туыстары мәйітті жерлеуге дайындап, қоштасу рәсіміне жиналған кезде вирустың таралу қаупі күрт артады. Алайда жергілікті халық бұл шектеулерді өздерінің жерлеу дәстүрі мен салтына араласу деп қабылдап отыр.

Конгоның шығысындағы Эбола індеті бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. Дәрігерлер әзірге аурудың таралуын толық тоқтата алмай отыр. Аймақтың өзінде аурухана мен дәрігер жетіспейді. Бұған қоса, қарулы қақтығыстар салдарынан көптеген тұрғын басқа жерге көшуге мәжбүр болған.

Еске салайық, бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында эбола індетінен қайтыс болғандар саны 136-ға жеткені хабарланды.

Оқи отырыңыз:

СІМ Африкадағы Эбола вирусына байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады

ДДСҰ Африкадағы Эбола штаммының өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады

ДДҰ Эбола індетіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялады