Көбейтұз көлі ұлттық парк құрамына енеді: Туристер үшін не өзгереді?
Экологтардың айтуынша, көлдің табиғи қалпына келу әлеуеті сақталған.
Жақында Көбейтұз көлін «Бұйратау» ұлттық паркінің құрамына енгізу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Енді аумақты инспекторлар күзетеді, автокөліктерді тек арнайы жабдықталған тұрақтарға қалдыруға рұқсат беріледі, ал табиғи компоненттерді алып кетуге тыйым салынады. Сонымен бірге, жаңа инфрақұрылымның пайда болуы келушілер ағынын арттырып, егер ережелер мен шектеулер алдын ала белгіленбесе, экожүйеге түсетін салмақты күшейтуі мүмкін. Көбейтұз қалай қорғалады және көл қайта қалпына келе ала ма? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарды сараптап көрді.
Неліктен қызғылт көл қорғауға мұқтаж?
Көбейтұз ең алдымен өзінің ерекше қызғылт түсімен танымал. Мұндай реңк жоғары туздылық жағдайында өмір сүруге бейімделген Dunaliella salina микробалдыры мен галофильді микроорганизмдердің арқасында пайда болады.
Дегенмен, эколог, «Қазақ табиғат қорғау қоғамының» төрайымы Айжан Сқақованың айтуынша, су айдыны тек ерекше келбетімен өзгеше емес.
Мұндай тұзды көлдер – әдеттегі тұщы су айдындарында кездеспейтін мамандандырылған организмдердің бірегей мекені. Олар ғылым үшін үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені бұл жерде өте сезімтал экожүйе бар, әрі олар тирі организмдердің экстремалды жағдайларға бейімделу процестерін зерттеуге арналған табиғи лаборатория рөлін атқарады, - дейді маман.
Дәл осы экожүйенің нәзіктігі Көбейтұзды бұқаралық туризм алдында тым осал етеді. Көліктер жағаға және суы тартылған түбіне дейін кіріп кетеді, туристер тұз жинайды, ал келушілерден кейін аумақта қоқыс қалады.
Экологтың сөзінше, көлік қозғалысы жағалау сызығы мен тұзды қабыршақтың табиғи құрылымын бұзып, із қалдырады және беткі ағынды өзгертеді. Сондай-ақ отын мен техникалық сұйықтықтардың ағу қаупі де қосымша қатер төндіреді.
Әсіресе, көл түбінің суы тартылған бөліктерімен жүру өте қауіпті. Бұл аумақтар сырттай қатты болып көрінгенімен, көлдің тұтас экожүйесінің бір бөлігі болып табылады, – деп атап өтті Сқақова.
Тұз жинау да салдарсыз қалмайды. Экологтың айтуынша, былтыр ескертулер мен орнатылған камераларға қарамастан, туристердің тұзды сату мақсатында жинаған фактілері қайта тіркелген.
Тұзды алып кету де экстремалды жоғары тұздылыққа бейімделген организмдердің мекенін бұзады. Тұрмыстық қоқыс пен жағалаудың бейберекет тапталуы да сипаттағы қауіпті белгі. Саяз, ағынсыз көл үшін мұндай жергілікті салмақ, әсіресе қуаңшылық кезеңдерде, өте ауыр тиюі мүмкін, – деп түсіндірді маман.
Көлдің ұлттық парк құрамына енуі қаншалықты пайдалы?
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының бастығы Бексұлтан Мейірбековтің хабарлауынша, ведомство көлді сақтау бойынша Жол картасын әзірлеген. Құжат Ақмола облысының әкімдігіне келісуге жіберілді.
Сонымен қатар, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын кеңейтіп, оның құрамына Көбейтұз көлін енгізу бойынша жаратылыстану-ғылыми негіздеме әзірленіп жатыр, – деді ол.
Ұлттық парк аумағын кеңейту үшін жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындау қажет. Екі құжат та мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алуы тиіс.
Сол себепті қорғалатын аймақтың нақты шекарасы мен көлге бару ережелері кейінірек белгіленеді.
Инспекторлар, тұзға тыйым және туристерге арналған жаңа ережелер
Көбейтұз ұлттық парк құрамына енгізілгеннен кейін аумақты «Бұйратау» мемлекеттік инспекторлары күзетеді.
Көлге бару ережелері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға арналған талаптармен реттеледі. Дегенмен, қазірше суға тікелей жақындауға, шомылуға болатыны немесе болмайтыны және туристерге қай жерлерде жүруге рұқсат берілетіні белгісіз.
Аумақты қорғаудың нақты режимі, рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі, суға жақындау, шомылу, бейнебақылау жүйелерін орнату мүмкіндігі және өзге де шектеулер жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, бекітілгеннен кейін анықталады, – деп түсіндірді Бексұлтан Мейірбеков.
Қорғау мәртебесін алғаннан кейін Көбейтұз аумағынан тұз тасуға тыйым салынады. Бұл талаптың орындалуын да ұлттық парк инспекторлары қадағалайды.
Сонымен қатар, экологтың пікірінше, көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру – маңызды әрі қажетті қадам.
Қорғау режимі тек қағаз жүзінде қалмауы керек. Аумақты басқарудың бекітілген жоспары, қаржыландыру, инспекторлық қызмет, физикалық қоршаулар, туристерге арналған түсінікті ережелер және тұрақты ғылыми мониторинг қажет, – деп атап өтті Айжан Сқақова.
Оның айтуынша, жаңа мәртебе қорғалатын аймақтың шекарасын ресми түрде белгілеуге, көлік қозғалысын және табиғи компоненттерді алуды шектеуге, сондай-ақ заң бұзушыларды жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз қалайды.
Көліктер қайда тоқтайды?
Қазіргі басты мәселелердің бірі – көліктердің судың түбіне дейін бөгетсіз баруы. Көл ЕҚТА құрамына енгеннен кейін автокөліктерді тоқтату тек арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат етіледі.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару ережелеріне сәйкес, автокөлік құралдарының тұрағы тек арнайы жабдықталған және белгіленген орындарда ғана рұқсат етіледі, – деп хабарлады Орман шаруашылығы комитетінің өкілі.
Болашақ автотұрақтардың орнын ұлттық парк әкімшілігі техникалық-экономикалық негіздемені дайындау кезінде айқындайды.
Айжан Сқақова автотұрақты жағалаудан қауіпсіз қашықтықта орналастыру қажет деп есептейді.
Ағындарды реттеу жаяу жүргіншілер маршруты мен бөлек шолу алаңын анықтайды. Бұл келушілерді арнайы дайындалған аумақта шоғырландыруға және жағалаудың тапталуын азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс басталғанға дейін экологиялық тексеру жүргізіп, рұқсат етілген рекреациялық жүктемені анықтау және су жинауға, жағалау процестеріне әрі тірі организмдердің мекеніне нұқсан келтірмейтін орынды таңдау қажет, – деп баса айтты эколог.
Келушілер саны шектелуі мүмкін бе?
Туристер көп келетін күндері Көбейтұзға түсетін жүктеме тым жоғарылайды. Дегенмен, келушілер санына шектеу қою туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
Жоғары рекреациялық жүктеме кезеңдерінде келушілер санына шектеулер енгізу, сондай-ақ басқа да табиғатты қорғау шаралары жаратылыстану-ғылыми негіздемені әзірлеу және бекіту нәтижелері бойынша анықталады. Бұл жұмыс аяқталғанға дейін нақты шектеулер туралы айту ерте, – деді Бексұлтан Мейірбеков.
Қажетті шаралардың қатарында эколог Айжан Сқақова көліктердің жағаға және көл түбіне баруына тыйым салуды, автотұрақты экологиялық буферлік аймақтан тыс жерде орналастыруды, тек белгіленген маршруттармен жүруді және маусымдық шектеулерді атады.
Бұдан бөлек, оның пікірінше, тек тұзды ғана емес, сонымен бірге суды, балшықты және басқа да табиғи компоненттерді алып кетуге тыйым салу қажет. Адам ағыны шегіне жеткен күндері келушілерге лимит қажет болуы мүмкін.
Үздіксіз бейнебақылау мен нақты айыппұлдар, шатыр құруға, от жағуға және су жанында қалдықтарды қалдыруға тыйым салу қажет, – деп қосты эколог.
Кіру ақылы бола ма?
Көбейтұз көлі ұлттық парк құрамына енгізілгеннен кейін аумаққа бару үшін төлемақы белгіленуі мүмкін.
Бексұлтан Мейірбековтің айтуынша, оның мөлшері республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызмет көрсету тарифтеріне сәйкес айқындалады.
Қорғау мәртебесінің, автотұрақ пен шолу алаңының пайда болуы көлге деген қызығушылықты арттыра түсуі мүмкін.
Жаңа мәртебе, абаттандыру және кеңінен ақпараттандыру Көбейтұздың танымалдылығын арттыруы мүмкін. Бұл әсерді алдын ала ескеру қажет. Қызығушылықтың артуы өздігінен жағымсыз құбылыс емес. Мәселе келушілер саны аумақтың экологиялық сыйымдылығынан асып кеткенде туындайды. Сондықтан туристік насихат толыққанды басқару жүйесі – қашықтықтағы автотұрақ, маршруттар, санитарлық инфрақұрылым, бару лимиттері және мониторинг құрылғаннан кейін ғана басталуы тиіс, – деп есептейді ол.
Көбейтұз қайта қалпына келе ме?
Экологтардың айтуынша, көлдің табиғи қалпына келу әлеуеті сақталған. Егер жағалаудағы көлік қозғалысын, тұзды алуды және ластануды тоқтатса, кейбір зақымданған учаскелер біртіндеп бұрынғы күйіне келуі мүмкін.
Дегенмен, қалпына келу тек адамның әсеріне байланысты емес. Көлдің жағдайына жауын-шашын мөлшері, температура, булану, минералдану және су балансы да әсер етеді.
Су түсінің өзгеруі немесе жаңа тұзды қабыршақтың түзілуі толық экологиялық қалпына келді деген сөз емес. Базалық зерттеу жүргізіп, зақымданған учаскелерді тіркеу және жыл сайын олардың жағдайын бірдей көрсеткіштер бойынша салыстырып отыру қажет, – деп түсіндірді Айжан Сқақова.
Оның пікірінше, көлге тек су айдынын ғана емес, оған іргелес аумақты да қамтитын бөлек, ғылыми негізделген басқару жоспары қажет. Құжатта қорғау аймақтары, келушілердің рұқсат етілген саны, маршруттар, маусымдық шектеулер және заң бұзушылықтарға әрекет ету тәртібі белгіленуі тиіс.
Көбейтұзды ең алдымен бірегей әрі нәзік табиғи экожүйе ретінде сақтап, оның әрі қарай тозуына жол бермеу қажет. Сонымен бірге, экологиялық шектеулерді сақтаған жағдайда, көл Қазақстанның көрнекті табиғи орындарының бірі және экологиялық жауапты туризм нысаны болып қала береді, – деп түйіндеді эколог.
Еске сала кетейік, Көбейтұз көлі қорғау мәртебесін алады. Сонымен бірге Ақмола облысының әкімдігі абаттандыруға кіріседі: жағалауда шолу алаңы мен автотұрақ пайда болады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Көбейтұз көлінің жай-күйіне назар аударғанын хабарладық.
Көбейтұзға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі беріледі. Бұл туралы 2020 жылғы 22 шілдеде ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн брифинг барысында айтылған болатын.
Кезінде Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында Көбейтұзды 49 жылға жеке пайдалануға беру туралы байқау жарияланған болатын.
Сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев сөйлесіп, Көбейтұзды аукционға шығармай, жалға бермеуді шешкенін хабарлаған еді.
Айта кетейік, 2020 жылы әлемді жайлаған короновирус кезінде көпшілік Көбейтұз көлінің тұзы мен балшығы вирусқа қарсы ем болады деп сеніп, көлдің балшығы мен тұзын шелектеп алып сатқан болатын.
Тағы оқи отырыңыздар: Көбейтұздың келісі 5 мың теңге тұратын тұзы вирусты емдейді. Ол қаншалықты рас?
Көбейтұзда домбыра тартқан бойжеткен Vogue журналын тебірентті