26 Тамыз 2026, 12:54 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Климат өзгеріп жатыр: Cиноптик Қазақстандағы қауіпті үрдістерді атады

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым климатологтарының болжамынша, Эль-Ниньо құбылысының белсенді кезеңі 2027 жылдың көктеміне дейін жалғасуы мүмкін. Бұл құбылыстың Қазақстанға қандай әсері болатынын «Қазгидромет» РМК-ның Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаев түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның айтуынша, Эль-Ниньо сияқты ауқымды атмосфералық құбылыс пен Қазақстан аумағындағы ауа райының арасындағы нақты байланыс әзірге ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағындағы ауа райы мен Эль-Ниньо құбылысының өзара байланысын растайтын сенімді ғылыми зерттеулер жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамдарына сәйкес, еліміздің кейбір өңірлерінде мол жауын-шашын түсуі мүмкін, ал жекелеген аймақтарда құрғақшылық қаупі сақталады. Сонымен қатар температураның күрт ауытқуы байқалуы ықтимал. Яғни аптап ыстықтың орнын суық басуы немесе керісінше болуы мүмкін. Қыс мезгілінде де қатты аяздар күтіледі, – деді Дәулет Кисебаев.

Синоптик климаттың өзгеруі қазірдің өзінде байқалып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, «Қазгидрометтің» климаттың өзгеруі жөніндегі жыл сайынғы бюллетенінде Қазақстан бойынша орташа ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,36 градусқа көтерілетіні көрсетілген.

Климат біртіндеп жылып келеді. Сонымен бірге қауіпті метеорологиялық құбылыстардың саны да, кей жағдайда олардың қарқындылығы да артып жатыр. Алматы тұрғындары соңғы уақыттағы нөсер жаңбырлар мен найзағайларды жақсы біледі. Бұған дейін де найзағайлардың саны мен қарқындылығы артып келе жатқанын айтқанмын. Кейде олар 15-30 минутқа ғана созылады, бірақ өте күшті болады: екпінді жел соғады, күн күркірейді, жауын қатты жауады. Сондықтан тұрғындар ауа райының түрлі тосын сыйларына дайын болуы керек, – деді маман.

Оның айтуынша, күз мезгілі Алматы үшін өтпелі кезең саналады. Осы уақытта күндізгі және түнгі температура арасындағы айырмашылық 10-15 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ синоптик соңғы жылдары қыс мезгілінің де жылынып келе жатқанын айтты.

Жыл сайын жылыну үрдісін байқап отырмыз. Желтоқсан айында күндізгі уақытта оң температура жиі сақталады. Соңғы екі жылда ақпан айының соңында найзағай мен жылымық жағдайлары да тіркелді. Бұл бұрын сирек кездесетін құбылыстардың бірі еді, – деді Дәулет Кисебаев.

Тағы оқи отырыңыз: Алматыда күзгі ауа райы қандай болмақ? Синоптиктер маңызды болжам айтты 

Таудағы алғашқы қар: Алматы өңірінде қыс ерте келе ме?