22 Қыркүйек 2026, 13:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Кейбір жүргізушілер айыппұл төлеу жеңілдігінен айырылуы мүмкін – ІІМ мәселені Құрылтайда көтермек

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкіметтегі брифингте кейбір жүргізушілерді айыппұл төлеу кезінде берілетін жеңілдіктен айыру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің орынбасары бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін атап өтті.

«Мәжіліс жұмыс істеп тұрған кезде біз мынадай тәртіпті ұсынғанбыз. Бәріміз де көлік жүргіземіз, бәріміз де жүргізушіміз. Кез келген азамат байқаусызда бір рет, тіпті екі рет ереже бұзуы мүмкін. Бірақ ережені қайта-қайта бұзатын, айыппұлының сомасы миллион теңгеден асатын адамдар бар. Біз белгілі бір шекті белгілейік дедік. Мәселен, бір жыл ішінде 10 немесе 5 айыппұл болуы мүмкін», – деді Игорь Лепеха.

Оның айтуынша, адам бір жылда 10 рет ереже бұзса, тиісті шаралар қабылдау қажет.

«Бұл мәселе талқыланған. Енді оны жаңа Құрылтайда тағы да көтергіміз келеді. Шекті сан қанша болады және нақты қандай құқық бұзушылықтар ескеріледі? Біздің ұстанымымыз шамамен осындай», – деп қосты ІІМ өкілі.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов түнде қатты шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мотоцикл және автокөлік жүргізушілеріне қатаң шара қолдануды тапсырды.

Сондай-ақ, Бектенов жол ережесін қасақана бұзатындарға айыппұлды еселеп арттыру қажет екенін айтты.