Бүгiн 2026, 18:51 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

 Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеидің жұбайы да қайтыс болды

 Иранның қаза тапқан жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеидің жұбайы Мансуре Ходжасте қайтыс болды.

Иранның күні кеше қаза тапқан жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеидің жұбайы Мансуре Ходжасте қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, ол резиденцияға жасалған соққы кезінде алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған. Бұған дейін Мансуре Ходжасте ауыр хәлде комада жатқаны айтылған еді.

Еске салсақ, Дональд Трамп Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Али Хаменеидің қаза тапқанын мәлімдеді. АҚШ президенті бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады.

Али Хаменеи 86 жасында өмірден өтті. Бұл ақпаратты ирандық мемлекеттік телеарна растады. Ол 28 ақпанда таңертең өз резиденциясында өлтірілді. 

Сонымен қатар, Fars News Agency агенттігінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан Али Хаменеидің қызы, күйеу баласы және немересі қаза тапқан. Агенттік сондай-ақ «кейбір мәліметтер бойынша, Хаменеи әулетінің келіндерінің бірі де шабуылдардан қаза тапқан болуы мүмкін» деп хабарлады.

Тегеранда жоғарғы рухани көсемінің өлімінен кейін мыңдаған адам алаңға шықты. Жиналғандар Иран туын желбіретіп, Хаменеидің суреттерін ұстап шыққан. Сондай-ақ Мешхед қаласындағы имам Реза кесенесі маңында да еске алу шарасы өтті.

Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи 1989 жылдан бері елдің саяси жүйесіндегі ең ықпалды тұлға болды. Оның билігі тұсында Иран аймақтық геосаясаттағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, Батыспен күрделі қарым-қатынас кезеңін бастан өткерді.

BAQ.KZ тілшісі 86 жастағы Иран көшбасшысының кім болғаны жайлы шолып көрді.

Иран АҚШ пен Израильдің шабуылынан қаза тапқан Жоғарғы көшбасшы аятолла Али Хаменеиге байланысты 40 күндік аза тұту кезеңін бастады.

Иранда аятолла Алиреза Арафи уақытша Жоғарғы көшбасшы қызметіне тағайындалды. Ол елді жаңа Жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін басқаруды атқарады.