"Интимдік видеоны таратамын": Ақтөбеде бұрынғы қызын бопсалаған ер адам ұсталды
Бұрынғы танысын интимдік бейнежазбамен қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен күдікті ұсталды. Қазір оның өзге әрекеттері де тексеріліп жатыр.
Ақтөбе облысында интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, бұрынғы танысын бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) бопсалау және жеке өмірге қол сұғу фактісінің жолын кесті.
Полиция мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны құқық қорғау органдарына арызданып, бұрын қарым-қатынаста болған ер адамның оның келісімінсіз түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаларды жариялаймын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған дерек бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және күдіктінің өзге де заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеру үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Осыған байланысты Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату немесе оны таратамын деп қорқыту заңға қайшы әрекет екенін еске салды. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда дереу полицияға жүгінуге шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да танысынан 2,5 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Павлодар облысында студенттер мен оқушылардан ақша бопсалаған күдіктілер ұсталды.