Хостел жертөледе орналаспау керек – сарапшы
Алматыда 200-ден астам хостел бар. Көпшілігінің жертөледе орналасқаны жасырын емес. Бұл жерлерде жастар мен студенттердің орналасатыны тағы бар. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қала тұрғындарының хостел мен жалдамалы үйге қатысты пікірін білген еді.
Тұрғындардың басым көпшілігі хостелдегі жағдайдың нашарлығына, жастардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмегеніне наразы.
Біз оқуға түскенде, қаладағы әрбір студент жатақханамен қамтамасыз етілетін. Өзім Павлодар қаласының тумасымын. Оқуымызды бітіргеннен кейін өз қаламызға кеттік. Осыдан 9 жыл бұрын балам ҚазҰУ-ға оқуға түсті. Бірінші жыл жатақханада тұрды. Кейін өзім де келіп, баламмен осы қалада тұруды ұйғарып, бірге пәтер жалдадық. Қазір үйіміз бар. Енді туыстарымның балалары оқуын бітіріп келіп жатыр. Біріне жатақхана табылса, енді біріне берілмеді. Амал жоқ, қыздар болып 300 мың теңгеге пәтер жалдады. Ойлаңызшы, оқуға енді түскен студенттердің бұл бағаны қалтасы көтермейді ғой. Амалсыздан ата-аналары төлейді. Егер оқуға студент қабылдаса, неліктен оларды жатақханамен қамтамасыз етпейді? Қалада бос тұрған ғимараттар көп, соларды неліктен жатақханаға айналдырмасқа? Сонда студенттер мен жастар тұрғын үйге мұқтаж болмас еді. Жалдамалы пәтердің бағасы қымбат, хостелдерді паналайтын себебі де сол болар, – дейді Гүлбаршын Бауова есімді қала тұрғыны.
Ал қаланың жас тұрғындары хостелдерде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі тиіс дейді. Олардың айтуынша, баға ыңғайлы болғанымен, өмір сүруге қолайсыз.
Меніңше, хостелдерде қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Бұрындары хостелге саяхаттап келген адамдар ғана жататын. Қазір бұл жер студенттер мен жастардың тұратын мекеніне айналған. Кейбірінің ішінде адамдар шылым шегіп, ішімдік ішеді. Себебі мұндай жерлерде тексеріс көп болмайды. Тұратындарға да жақсы жағдай жасалмағанын көруге болады. Себебі бұл жерлерде төсек-орын, кілем, ток көздері ғана бар. Ал тағам әзірлейтін орын көбінде қарастырылмаған. Сондай-ақ, бұл жерге еліміздің әр түкпірінен жиналған адамдар келеді. Бірін-бірі білмейді, заттары ұрланса да, ешкімге айта алмайды. Сол себептен хостелдерде тәртіпті күшейтіп, жағдай жасау керек. Мұнда тұрып жатқандардың басым көпшілігі жастар екенін аңғарсақ, жатақханадағыдай жасалғаны дұрыс болар, – дейді Асан Жандарбеков есімді азамат.
Сарапшылар хостелдерді жаппай, есесіне олардың жұмысын жақсартуға күш салу керек екендігін айтады.
Хостел – ең қолжетімді баспана. Бірақ оны ашқан кезде, стандарттарға сай ма, жоқ па, оны қарап жатқандар аз. Мәселен, үйлердің жертөлесіне хостел орналастыруға болмайды және бір кереуетке төрт метр болуы керек. Оның желдеткіші, терезесі мен қосымша шығатын есігі болуы шарт. Бізде ғимарат жалдап, оған екі қабатты кереует қойса болды, хостел болып шығады деп ойлайды. Сондықтан хостелдердің иелері бетімен кетпес үшін, тексеріп тұру керек, – деді хостелдер бойынша маман Шәкір Исламбакиев.
Ал Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбековтің мәліметінше, құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес, жертөлелерде және астыңғы қабаттарда хостел ашуға тыйым салынады.
Бүгінгі таңда Алматыда 200-ден астам хостел жұмыс істейді. Бізге үйлерді хостелге айналдыра бастады деген мәлімдемелер жиі келіп түседі. Бірақ бұл объектілерді ашқан кезде, міндетті түрде жеке кіру тобы және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тиісті қорытындысы, сондай-ақ Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасынан қайта жабдықтауға рұқсат болуы тиіс. Егер мұндай келісімдер болмаса, онда біз прокуратура органдарында тіркелгеннен кейін, осындай объектілерге қатысты тексеру жүргіземіз. Әкімшілік шараларды қабылдаймыз және материалдарды сотқа сәйкестендіру үшін немесе осындай объектілерді толығымен жабу мақсатында жолдаймыз. 2023 жылдың басынан бастап 5-7 заңсыз хостел жөнінде шағымдар келіп түсті. Қазір олар бойынша материалдар сотта, - деді Бақытжан Наурызбеков.
Еске салайық, күні кеше Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Төтенше жағдай қызметі кемінде 13 адам қаза тапқанын хабарлады. Олардың 9-ы қазақстандық, екеуі Өзбекстан, тағы екеуі Ресейлік азаматтар. Алматыдағы өрттің шығу себептерін тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Хостел мен университет арасында ешқандай келісімшарт болмағаны да айтылды.