Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау жеңілдетілуі мүмкін
Қазіргі уақытта Қазақстан колледждерінде 42 901 педагог жұмыс істейді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы министр Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мәселесі жөнінде айтты.
Қазіргі уақытта Қазақстан колледждерінде 42 901 педагог жұмыс істейді. Оның 40 367-сі немесе 95,4%-ы жоғары білімді.
Педагог кадрлардың негізгі бөлігін 16 248 арнайы пән оқытушысы, 9 505 жалпы білім беретін пән оқытушысы және 4 880 өндірістік оқыту шебері құрайды.
Сонымен қатар өндірістен колледждерге 1 934 маман педагогтік қызметке тартылған. Дегенмен республика бойынша әлі де 2 093 педагогке қажеттілік сақталып отыр.
Министрдің айтуынша, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 9 245 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ал 17 487 педагог цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша даярланды. Сондай-ақ 132 педагог шетелдік тағылымдамадан өтті.
Келесі кезеңде педагогтерді халықаралық әдістемелер бойынша даярлау, салалық стандарттармен сертификаттау, озық кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тәлімгерлік арқылы Hard & Soft skills дағдыларын дамыту жүзеге асырылуда. Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету қарастырылып отыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Тағы оқи отырыңыз:
Президент білім беру саласының үздік педагогтерін мемлекеттік наградамен марапаттады
«Мұғалім мамандығына амалсыздан баратындар бар»: Педагог білім беру жүйесіндегі мәселені көтерді
Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді: Мұғалімдер 1 қыркүйектен бастап нені білуі керек?