Халық Кеңесі: Саясаттанушы құрамды бағалап, басты міндеттерді атады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамын бекітті. Жаңа жоғары консультативтік органға 126 адам – өңірлердің, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және басқа да салалардың өкілдері кірді.
«Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамына қатысты саясаттанушы Ғазиз Әбішев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында пікір білдірді.
Кеңес құрамы Президенттің 2026 жылғы 22 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілді. Оған мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, спортшылар, білім беру, медицина, бизнес, кәсіподақ және жастар ұйымдарының өкілдері енді.
Олардың арасында бұрынғы депутаттар Ермұрат Бәпи, Еділ Жаңбыршин және Нұртай Сабильянов, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, Қазақстан Машина жасаушылар одағы басқармасының мүшесі Андрей Лаврентьев, сондай-ақ әртүрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.
Құрам қалай жасақталды?
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, «Қазақстан Халық Кеңесін» құру барысында әртүрлі өңірлік және қоғамдық топтардың өкілдігін қамтамасыз етуге тиіс жаңа органның тұжырымдамасы ескерілді.
«Халық кеңесін құру логикасының өзінен бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың өзіндік бірлестігі екені түсінікті. Онда өңірлер, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдік етуі тиіс», – деп атап өтті саясаттанушы.
Бұған дейін Президент жаңа органның жұмысында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының сабақтастығын сақтау маңызды екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Кеңесте этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері болатыны болжанған еді.
Әбішев нақты үміткерлерді іріктеу кезінде алдымен үміткерлердің кеңейтілген тізімі жасалып, содан кейін түрлі өкілдік критерийлері ескерілуі мүмкін деп болжайды.
«Ықтимал түрде, алдымен үлкен кандидаттар тізімі – long list қалыптастырылды. Содан кейін орындар этномәдени бірлестіктер, өңірлер және қоғамдық ұйымдар өкілдері арасында бөлінді. Сондай-ақ, жас ерекшелігі балансы да ескерілген болуы мүмкін. Бұл – бірнеше критерийді бір мезгілде сақтау қажет болғандықтан, өте күрделі міндет», – деп есептейді сарапшы.
Құрам қаншалықты әртүрлі шықты?
Ғазиз Әбішевтің бағалауы бойынша, бекітілген құрам түрлі қоғамдық топтардың мүддесін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, саясаттанушының пікірінше, белгілі бір қатысушының рөлін тек оның лауазымы бойынша емес, сонымен бірге ол қандай аудиторияның мүддесін білдіретініне қарап бағалау керек.
Сарапшы Кеңес құрамында бұрынғы депутаттардың болуына жеке тоқталды. Оның пікірінше, Ермұрат Бәпи, Еділ Жаңбыршин, Нұртай Сабильянов және басқа да экс-парламентарийлердің мемлекеттік институттармен жұмыс істеу тәжірибесі және өз қоғамдық аудиториясы бар.
«Олар Парламентке белгілі бір әлеуметтік топтарды көрсеткендіктен және халықтың саяси белсенді бөлігінің сұранысына жауап бергендіктен келді. Халық кеңесінде олар ұқсас қызметті атқара алады», – деп есептейді саясаттанушы.
Қандай тұлғалар көзге түсуі мүмкін?
Әбішевтің бағалауы бойынша, Кеңес жұмысында көпшілік алдында сөйлеу, қоғамдық немесе мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар адамдар белсенді бола алады.
Саясаттанушы парламенттік жұмыс тәжірибесі мен заң шығару рәсімдерін білу бұрынғы депутаттарға бастамаларды талқылауға белсендірек қатысуға көмектесетінін болжайды. Ал іскерлік және кәсіби қоғамдастық өкілдері өз кезегінде пікірталасқа экономика мен жекелеген салаларды дамыту мәселелерін әкеле алады.
Әбішев белсенділік танытуы ықтимал қатысушылардың қатарында Бағдат Мусин, Рауан Кенжеханұлы, Шахмұрат Мүтәліп пен Андрей Лаврентьевті атады.
«Адам қоғамда қаншалықты дербес беделге ие болса, Халық кеңесі ішіндегі оның рөлі де соншалықты байқалатын болады. Онда партиялық тәртіп қарастырылмаған. Өйткені бұл – ең алдымен талқылау алаңы», – деп баса айтты Ғазиз Әбішев.
Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, жаңа орган ішіндегі рөлдердің бөлінуі туралы оның практикалық жұмысы басталғаннан және басшылық жасақталғаннан кейін ғана нақтырақ айтуға болады.
Кеңес қандай мәселелерді талқылай алады?
Конституцияға сәйкес, «Қазақстан Халық Кеңесі» ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келсімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сондай-ақ Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығына ие болды.
Әбішевтің пікірінше, бұл алаңда талқылануы мүмкін мәселелердің қатарында ішкі тұрақтылық, ұлттық мәдениетті дамыту, этносаралық келісім, қоғамдық құндылықтар және діни сала бар.
«Ұлттық мәдениеттің өркендеуі, либералдық құндылықтар мен діни сананың өсуі қалай ұштасатынын түсіну маңызды. Дәстүрлі көзқарастағы халықтың сезімін ренжітпей және құқықтарына нұқсан келтірмей, осы үшбұрышты теңестіру және қоғамдық сананы жаңғыртуды қамтамасыз ету қажет», – деп есептейді Әбішев.
Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астана қаласында өтеді.
Тағы оқи отырыңыз:
Халық кеңесі жастарға қандай мүмкіндік береді? Сарапшы түсіндірді
Президент Әділетті Қазақстанды құрудағы Халық Кеңесінің рөлін айқындады
Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы қашан өтетіні белгілі болды