Ұрпағымыз ГМО-сыз тағам жеу керек – "Ауыл" партиясы
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Бүгін елордада өтіп жатқан 16 съезде "Ауыл" партиясы "Азық-түліктегі ГМО-ға қарсы" атты тағы бір саяси бастамасын жариялады.
Біз бұл идеяға сонау 2017 жылы "Гендік модификацияланған организмсіз өмір – ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің Қазақстандық таңдауы" тақырыбында, белгілі ғалымдар мен эксперттерді шақыра отырып өткізген дөңгелек үстел басында келгенбіз. Бірақ әлі де көрейік, мүмкін пайдалы жақтары бар шығар, мамандар тарапынан нақты ұсыныстар айтылар, болмаса үкіметтік органдар жағынан біржақты, тиянақты шешімдер қабылданар деп ойладық. Өкінішке қарай бұл мәселе де жым-жырт. Қайта дүкен сөрелерінде, базарларда өмірі шірімейтін, адам түгілі құрт жемейтін көкөністер мен ет, сүт өнімдері көбейіп бара жатыр. Ең бастысы ГМО қосылған сол өнімдердің адам ағзасына пайдалы не зиян екендігін ешбір ғалым да, маман да айта алмайды" - дейді Әли Бектаев.
Ол партия съезінде жасаған баяндамасында ГМО-ның балалар тағамына да араласып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
Гендік модификацияланған өнімдер балалар азық-түлігіне де кіруде. Егер біз балаларымыздың болашағын, ұлтымыздың болашағын ойласақ бұл мәселеде партиямыздың жеке позициясын білдіруіміз керек. Біздің түсінігімізде партияның әр мүшесі, тіпті әр қазақстандық, қоғамдық ұйымдар елімізге гендік модификацияланған өнімдерге жол бермеу қажет. Оларды нарыққа жеткізушілерге тосқауыл бола білуіміз керек. Әсіресе, бұзылған немесе қауіпті балалар тағамы қатаң бақылауда болуы шарт. Бұл бастамаға барлық бұқаралық ақпарат құралдары, партия филиалдары мен әлеуметтік желілер қолдау көрсетсе игі. Біз тиісті мемлекеттік органдарды, ел Үкіметін шекаралар мен ірі қалаларда ішкі нарыққа жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің құрамын тексеретін жоғары қуатты зертханаларды ұйымдастыруға шақырамыз. Бұл жұмыстарға ғылыми ұйымдар да тартылу керек.Тексеру, зерттеу, тәркілеп алу және тағы басқа құзыреті бар арнайы бөлімшелер ашу да мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік берер еді. Осындай көптеген шараны қолға алып, бұл бағыттағы жұмыстарымызды ширатуымыз керек, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол дәл осындай кешенді бастамалар, партия жұмысындағы басым бағыттар партияның басты мақсатына, яғни парламенттік партия болуға алып келеріне сенемді екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, елордада "Ауыл" париясының кезекті съезі өтіп жатыр. Бұған дейін саяси ұйым басшысы Әли Бектаев "Ауыл" партиясының болашағына күмәнмен қарағандар болғанын айтқан болатын. Сонымен қатар, Бекетаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесін қолдайтынын айтқан еді. Сондай-ақ, "Ауыл" партиясы еңбек адамының беделін көтеретін жаңа бағдарлама ұсынған еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан су тапшылығын бастан кешіп отырған елдердің қатарында
Келесі жаңалық
Исландияда жанартау атқылады
Өзгелердің жаңалығы