Германиядағы 700-ден астам мектепке жарылыс болатыны туралы қауіпті хабарламалар түсті
Германиядағы жүздеген мектепте дүйсенбі күнгі таң жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалардан басталды. Анонимді хаттар елдің бірнеше федералды жеріндегі білім беру мекемелеріне бір мезетте түскен. Кейбір мектептерде оқушылар үйлеріне қайтарылғанымен, полиция әзірге нақты қауіп белгілерін анықтаған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Жаппай хат тарату 23 қарашада болған. Тек екі федералды жердің – Баден-Вюртемберг пен Саксония-Анхальттың өзінде 710-нан астам мектепке қоқан-лоқы хабарламалары келген.
Баден-Вюртембергте хаттар 450-ден астам оқу орнына, ал Саксония-Анхальтта тағы 260 мектепке жіберілген.
Ықтимал жарылыстар туралы хабарламалар Берлин, Төменгі Саксония, Рейнланд-Пфальц, Шлезвиг-Гольштейн және Тюрингия мектептеріне де түсті.
Дрезден мен оның маңында осындай 90 хабарлама тіркелді.
Мектептер барлық жерде эвакуацияланған жоқ
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, нақты қауіп белгілері табылмаған. Құқық қорғау органдары хаттардың бір үлгіде жазылғанына және іс жүзінде бір уақытта келгеніне назар аударды.
Ганновер полициясы қауіп-қатер хабарламаларының негізінен бастауыш мектептерге бағытталғанын нақтылады.
Оқу орындарының әрекеті әртүрлі болды. Кейбір өңірлерде балалар үйлеріне жіберілсе, Тюрингияда полиция мектептерге эвакуация жүргізбей, сабақты қалыпты режимде жалғастыруға кеңес берді.
Қауіп расталмағанына қарамастан, құқық қорғау органдары дайындалып жатқан қылмыстар туралы хабарлама тарату дерегі бойынша тергеу бастады.
Осындай қауіп-қатер Еуропаның басқа елдеріндегі мектептерге де түсуде
Жарылғыш зат қойылуы мүмкін екені туралы хабарламалар Дания мектептеріне де келіп түсті.
Қараша айының басында Италия да осындай жағдайға тап болған еді. Мыңдаған мектеп жарылыс туралы қоқан-лоқы хаттарын алып, соның салдарынан жаппай эвакуация жүргізілген болатын.
Бұған дейін мұндай хабарламалар еуропалық әуе тасымалдаушылар мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының мекенжайына да жіберілген.
Неміс мектептеріне қоқан-лоқы хаттарын таратудың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 7 жасөспірім «жарылғыш заттар» туралы жалған қоңырау шалғаны үшін жазаланғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
«Сөмкемде бомба бар» деген жолаушы ұсталды