11 Қараша 2026, 14:32 Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Ғалымдар енді есеп жазуға емес, зерттеуге көбірек уақыт бөле ме? – Депутат ұсыныс жасады

Құрылтай депутаттары ғылыми ортадағы әкімшілік жүктемені азайтуды көздейтін бастама көтерді. Ұсыныстың қандай тетіктері бар?

Қазақстанда ғалымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, ғылыми жобаларды қаржыландыру тәртібін жүйелеу ұсынылды. Атап айтқанда, есептілік көлемін қысқартып, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру конкурстарының бірыңғай күнтізбесін енгізу бастамасы көтерілді. Бұл зерттеушілерге жұмысын алдын ала жоспарлап, жобаларына бөлінетін қаражаттың қашан түсетінін білуге мүмкіндік береді.

Мұндай ұсыныстарды Құрылтай депутаттары көтерді. Бұл туралы Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев Ғылымды дамытуға арналған шығыстардың мемлекеттік аудиті қорытындылары жөніндегі Жоғары аудиторлық палатаның есебін қарау кезінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – ғылыми жобаларды қаржыландыру процесін барынша болжамды ету. Осы мақсатта депутаттар конкурстардың келісілген бірыңғай күнтізбесін бекітіп, әр кезеңнің белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды ұсынады.

Ғалымдар конкурс қашан жарияланатынын, шешімнің қашан қабылданатынын, келісімшарттың қашан жасалатынын және қаражаттың қашан түсетінін алдын ала білуі керек. Бұл оларға зерттеудің өзіне көбірек уақыт бөлуге, сондай-ақ қажетті сатып алулар мен ғылыми ұжымның жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді Дархан Ахмедиев.

Депутаттар көтерген тағы бір мәселе – зерттеушілердің жұмыс уақытының едәуір бөлігін алатын есептілік жүктемесі.

Осыған байланысты міндетті құжаттар тізбесін қайта қарап, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бұрыннан бар мәліметтерді қайта тапсыру талабын алып тастау ұсынылды.

Сонымен қатар есептілікке қойылатын талаптарды бөлінген қаржы көлемі мен зерттеудің ерекшеліктеріне қарай белгілеу көзделіп отыр. Мұндай тәсіл әртүрлі ауқымдағы ғылыми жобаларға бірдей әкімшілік жүктеме түсірмеуге мүмкіндік береді.

Дархан Ахмедиев ғалымның жұмыс уақыты ғылыми жабдықтар мен қаржыландыру сияқты маңызды ресурс екенін атап өтті.

Айта кетейік, әзірге бұл бастамалар ұсыныс деңгейінде қалып отыр. Ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурстарын өткізу және есептілік тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізудің нақты мерзімі жарияланған жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру ережелері қайта қаралуы мүмкін. Құрылтай депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның тексеруінен кейін Үкіметпен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп тиісті ұсыныстар әзірлеуге дайын. Бұл туралы Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: Ғылым азаматтардың өмірін жақсартуға нақты үлес қосуы керек – Дәдебай 

Ғылым саласындағы аудиттен кейін жауапты тұлғалар қызметінен босатылған