Гүлфар Мамырбек: Жетілдірілген әліпби жобасында W таңбасы жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әліпби құрамына қатысты қоғамдағы пікірталас әлі толастаған жоқ. Әсіресе Ww таңбасын әліпби құрамына алу немесе алмау мәселесіндегі көзқарастың әртүрлілігін БАҚ құралдарында жарияланып жатқан мақалалардан көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі Гүлфар Мамырбекпен сұхбаттасқан едік.
-Қазіргі таңда әліпбиді жетілдіруге байланысты бірқатар жұмыс атқарылды. Даулы мәселелердің бірі болып табылатын Ww таңбасы әліпби құрамына алынатын болды ма? Соған арнайы тоқталсаңыз.
Әліпби құрамын жетілдіруге байланысты президент тапсырмасы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жүктелгендіктен, бұған қатысты жұмыстардың орындалуын осы министрлікке қарасты "Тіл-Қазына" орталығы ұйымдастырып жатыр. Осымен байланысты Орфографиялық жұмыс тобы ұсынған жетілдірілген әліпби жобасы (умлаутты) 14 ақпанда және 5 наурызда республикалық ашық талқылауға шығарылып, оған барлық өңірдегі филолог ғалымдар мен әдіскерлер, мұғалімдер мен оқытушылар қатысты. Бұдан бөлек, бұл жобаға сынама-сауалнама жұмыстары да жүргізілді. Бұл әліпби құрамында Ww таңбасы жоқ. Бұл таңбаны жаңа әліпбиге енгізу/енгізбеу мәселесі біраз дау тудырды. Яғни, ағылшын тілінен енген сөздерді таңбалау үшін әліпби құрамына енгізу қызу талқыға түсті. Егер Ww таңбасын кірме сөздер үшін әліпби құрамына енгізер болсақ, онда Хх, Сс-мен жазылатын сөздер үшін де ол таңбаларды ұлттық әліпби құрамына алу керек болып шығады. Бұл дегеніміз - ағылшын тілінен еніп жатқан барлық сөзді тіліміздің дыбыстық заңдылығына икемдеуге тосқауыл қою. Орыс сөздерін және орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді жазу үшін қолданылған артық әріптерден құтылып, оларды ұлттық тілдің дыбыстық заңдылығына икемдеу үрдісі қолға алынып жатқанда, ағылшын сөздерін түпнұсқасы бойынша жазу тіл тазалығына қайшы болып шығады. Әрине түпнұсқа принциппен қолданылатын марка, бренд, логотип т.б. атауларды жазу үшін жоғарыда аталған таңбалар пернетақтада міндетті түрде тұрады және олардың жазылу тәртібі емле ережесінде беріледі. Ww таңбасын ұлттық әліпби құрамына енгізбей, кірме сөздер үшін ғана қосымша таңба ретінде әліпбидің астыңғы жағында бөлек көрсету әлем тілдерінің тәжірибесінде кездесетін жайт екені мәлім. Міне, осындай себептермен жетілдірілген әліпби жобасына Ww таңбасы алынған жоқ.
- Бұл айтқандарыңыз кірме сөздерге қатысты. Ал төл сөздердегі у дыбысын Ww таңбасымен жазған дұрыс деген мәселе жөнінде не айтасыз?
Ия, бұл мәселе қазақ тіліндегі дауыссыз у-ға бөлек таңба, кірме сөздердегі дауысты у-ға бөлек таңба арнау керек деген тұжырымнан шығып отыр. Яғни, төл сөздердегі дауыссыз у дыбысын Ww таңбасымен, кірме сөздердегі дауысты у дыбысын бөлек Uu таңбасымен беру. Сонда Ww тек қазақ сөздеріндегі дауыссыз у-дың таңбасы болады. Алайда, ағылшын тілінде Ww таңбасы а, е, о дыбыстармен қатар келсе, дауыстының: Silk way, New York, word, басқа жағдайда дауыссыздың қызметін атқарады екен: windows, Wikipedia т.б. Егер осы тәрізді сөздер цитаталық принциппен жазылатын болса, онда кірме сөздердегі у дыбысын тек Uu-мен ғана таңбалай алмаймыз. Сондай-ақ, араб, парсы тілінде у дыбысы дауыссыз емес, дауысты. Ол тілдерден енген кірме сөздердегі дауысты у-ды u-мен (uaqyt, uağyz), төл сөздердегі дауыссыз у-ды w-мен (taw, baw) таңбалау әріп үйренетін бала үшін қиындық тудырады. Бұл мәселе, яғни кірме сөздер үшін бөлек таңба (u), төл сөздер үшін бөлек таңба (w) алудың сауат аштыруда және жазып үйретуде ауыр болатындығы әдіскерлер, бастауыш мектеп мұғалімдері тарапынан көп айтылып жатыр.
- Сонда сіздің ойыңызша, Ww таңбасы әліпби құрамына алынбай, тек бренд, марка, т.б. түпнұсқасы сақталып жазылатын сөздер үшін пернетақтада ғана тұруы керек пе? Бұндай тәсілді көптеген тіл қолданады дедіңіз, нақтырақ айтсаңыз.
Ия, бұл таңба ұлттық әліпби құрамына алынбай, тек пернетақтада ғана көрсетілгені дұрыс деген ойдамын. Себебі, классикалық латын әліпбиінде W таңбасы болмаған. Б.Ильиштің "Ағылшын тілі тарихы", Л.Бондаренконың "Ағылшын тілі фонетикасы негіздері" деген еңбектеріндегі мәліметтерге сүйенсек, Ww таңбасының пайда болу тарихы, ортағасырлардан басталған екен. Рим Империясының дамуы барысында герман тілдерінде v дыбысына ұқсамайтын, бірақ u-ға жақындау дыбысты білдіретін таңба қажет болып, екі UU-дан құралған лигатураны қолдана бастайды. Кейде екі UU бірігіп емес, босаралықпен (пробел) де таңбаланған. Лигатураның бірінші "екі u" (double-u – двoйнaя u) деген атауы пайда болып, кейіннен "дабл-ю" (W) таңбасы қолданысқа енген. W таңбасының пайда болу тарихы, осылайша ортағасырлардан бастау алған. W таңбасының U-ға емес V-ға ұқсас болуының сыры, бұл екі таңбаның ұзақ уақыт бойы (XVI-XVIII ғғ.) бірінің орнына бірі қолданыла беруімен тығыз байланысты. Сондықтан W таңбасы бастапқыда бірде UU, бірде VV түрінде беріліп, нәтижесінде VV лигатурасын қолдану басымдыққа ие болған екен. Осылайша, XІV ғасырдан бастап Ww ағылшын әліпбиінде жеке әріп ретінде орныққан. Қазір W (дабл-ю) таңбасы ағылшын әліпбиіндегі 23-әріп, бұл дыбысты жасауға тіл де, тіс те қатыспайды, тек еріннің алдыға қарай сүйірленуі арқылы жасалатын еріндік у дыбысы деп сипатталады.
Қазір интернеттегі ашық дереккөздер мен арнайы видеодәрістерден кез келген тілдің әліпби құрамымен танысуға мүмкіндік мол. Ww таңбасының роман-герман тілдеріндегі "қызметі қандай?" деген қызығушылықпен интернетті ақтарғанда байқағаным, бұл топқа жататын тілдердің басым бөлігінде "дабл-ю" тек кірме сөздерді таңбалау үшін ғана қолданылады екен. Ал әріптің өзі "дубль-вэ" (француз), "увэ добле" (испан, каталан), "доппия ву" (итальян), "дублу-ве" (румын), "ве дубрадо" (португал), "дубль ви" (швед), "дабл ви" (дат), "дубль ве" (норвег) деп аталып, "екі дыбыс" деген ұғымды білдіреді және у, в дыбыстарын таңбалайды екен. Ал неміс тілінде төл сөздерде кездесетін в дыбысын да таңбалайды. Латын графикасын қолданып отырған славян тобындағы словен, серб, хорват, босния тілдерінде Ww таңбасы әліпби құрамында мүлде жоқ, кірме сөздерді жазу үшін қосымша әріп ретінде де қабылдамапты. Ал чех тілінде "двойте ве" деп аталып, тек кірме сөздерді жазу үшін қолданылады екен. Түркі тілдері тобына жататын түрік, әзербайжан, өзбек әліпбилерінде Ww жоқ, пернетақтада ғана тұр.
- Әңгімеңізге көп рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!