Ертіс өңірінде арзандатылған дизель отынының бағасы төмендеді

11 Сәуір 2020, 15:09
1352
Бөлісу:
Ертіс өңірінде арзандатылған дизель отынының бағасы төмендеді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шаруаларға жыл сайын бөлінетін арзандатылған жанар-жағармайдың бағасы төмендей түсті. Бұл - дағдарысқа қарсы шаралар аясында атқарылған жұмыс нәтижесі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібековтің хабарлауынша, бастапқыда арзандатылған дизельдің тоннасы 194 мың теңге тұрса, қазіргі таңдағы бағасы 184 мың теңгені құрап отыр.

Наурыз айына 5 мың тонна бөлінді. Шаруалар тасымалдауға көшті. Ал үш айға 19 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Қазіргі уақытта бірыңғай оператор анықталды. Бұл фирма бастапқыда тасымалдау қызметі үшін әр тоннаға 6 мың теңге тағайындаса, бүгінде оның бағасы 4,5 мың теңгеге төмендеді. Біз өз тарапымыздан шаруаларға қолдау көрсетіп, көктемгі дала жұмыстарын кедергісіз бастағымыз келеді. Тұқым, гербицидтердің бағасын да арзандату керекпіз, - дейді Нұрлан Сәдібеков. 

Айта кетейік, осы жылы Павлодар облысында егістік алқаптары 153 мың гектарға артты. Мамандардың мәліметінше, тұқым себілетін жер аумағы 1 млн 480 мың гектарға жетті. Нақтырақ айтқанда, май дақылдары егілетін жер көлемі 30 мың гектарға, картоп алқаптары 1,5 мың гектарға және көкөніс салынатын жерлер 700 гектарға ұлғайды.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасы дайын тұр. Егін науқанына 11 мыңнан астам трактор, 200-ге жуық кешен мен 1200-ден астам тұқымсепкіш жұмылдырылады. Жалпы, облыстың өсімдік шаруашылығын қолдауға мемлекет бюджетінен 3,1 млрд теңге бөлінген.

Өзгелердің жаңалығы