27 Тамыз 2026, 18:52 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Есеп шығармайды, шығарма жазбайды»: Ғалым балалардың ЖИ-ге тәуелділігі туралы

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қазақстанның Еңбек ері Асқар Жұмаділдаев тамыз конференциясында Президенттің жасанды интеллектіге қатысты айтқан ойларына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі заманның проблемасы – жасанды интеллектінің ғана проблемасы емес, әңгіме оның қолданысы және ең бастысы, оның кемшілігі жөнінде, – деді ол.

Ғалымның айтуынша, қазіргі мәселе ақпараттың аздығында емес, керісінше, қажетсіз ақпараттың шамадан тыс көптігінде.

Мысалы, қазір балаларға фаст-фудты жарнамалайды. ChatGPT дегенде оның пайдалы жағына емес, теріс жағына ұмтылдырады, – деді Асқар Жұмаділдаев.

Ол жасанды интеллектінің білім беру саласына ықпалына да алаңдаушылық білдірді.

Қазір балалар үй тапсырмасын орындамайды. Сабақ оқымайды. Екі ауыз сөздің басын құрастыра алмайды. Есеп шығармайды. Үй тапсырмасын орындамайды. Шығарма жазбайды. Оның орнына жасанды интеллектіден көшіріп алып бере береді. Бұл – үлкен қауіп, – деді ғалым.

Асқар Жұмаділдаевтың пікірінше, осыған байланысты балалардың интернетте қайда кіріп, не істейтінін бақылау қажет.

Сондықтан қазір балалар қайда кіретінін, не істейтінін қадағалап отыру керек, – деді ол.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Мемлекет басшысының қатысуымен елордада Тамыз конференциясы өткен болатын.

Педагогтермен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды ұсынды.