7 Қазан 2026, 10:38 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Ерлан Қарин: Бірлік пен дінаралық келісім Қазақстан дамуының маңызды бағыты

Вице-президент жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына, ар-ождан еркіндігіне және конфессияаралық келісімге басымдық берілгенін айтты.

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтіп жатыр. Жиында сөз сөйлеген вице-президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың съез жұмысына ерекше мән беретінін атап өтіп, қатысушыларға кездесудің нәтижелі өтуіне тілектестік білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезд жұмысына ерекше мән беріп келеді. Қатысушылардың бүгінгі отырысының ойдағыдай өтуіне тілектестік білдіремін. Сондықтан ең алдымен, бүгінгі жиын бәріміз үшін пайдалы әрі нәтижелі болсын деп тілеймін, – деді Ерлан Қарин.

Қазақстан шетелдік дін көшбасшыларын құшақ жая қарсы алады

Вице-президент Қазақстанның съезд жұмысына тұрақты түрде қатысып, қолдау көрсетіп келе жатқан халықаралық серіктестеріне алғыс айтты.

Біз көп жылдан бері достарымыз бен серіктестерімізді, яғни сіздерді Қазақстанда қашанда құшақ жая қарсы алуға қуаныштымыз, – деді ол.

Ерлан Қарин отырысқа қатысып отырған Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-задені, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдесаламды, Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының директоры Мигель Анхель Моратиносты, сондай-ақ Америкалық еврей қауымдастығы, Бахаи қауымдастығы және Қытай буддистер қауымдастығы өкілдерін көргеніне ризашылығын білдірді.

Сіздер съез жұмысына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келесіздер. Баршаңызға дінаралық диалогты, өркениетаралық қатынасты дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді вице-президент.

Жаңа Конституцияда адам құқықтарына басымдық берілген

Ерлан Қарин бүгінгі кездесу Қазақстандағы ауқымды жаңару кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеде күшіне енді.

Бұл – адамға бағдарланған Конституция. Яғни онда адам құқықтары мен бостандықтары, оның қадір-қасиеті басты орында тұрады, – деді ол.

Вице-президент жаңа Конституция Қазақстанның зайырлы сипатын айқындайтынын атап өтті. Сондай-ақ негізгі заңда ар-ождан бостандығына, азаматтардың теңдігіне кепілдік беріліп, ешқандай кемсітуге жол берілмейтініне назар аударды.

Бірлік пен конфессияаралық келісім – Конституциялық құндылық

Ерлан Қариннің айтуынша, бірлік, ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім Конституциялық құндылық ретінде бекітілген.

Оның сөзінше, бұл құндылықтар мен қағидаттар ел дамуының маңызды бағыты әрі дінаралық диалогқа негіз болып қала береді.

Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қазақстан теңгерімді әрі бейбіт сипаттағы сыртқы саясат жүргізіп келеді.

Вице-президент бұл бағыт Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты идеясымен толық үйлесетінін айтты.

Еске салсақ, Ерлан Қарин климаттың өзгеруі мен экологиялық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» жай абаттандыру емес.

Вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесіп, Джеки Чанмен кинематография саласындағы ынтымақтастықты талқылады.  

Тағы оқи отырыңыз: Алгоритмдердің мүмкіндігі кеңейген сайын адамның жауапкершілігі артады – Ерлан Қарин