Еңбек министрлігі жұмыссыз қазақстандықтарды бақылайтын болады
Еңбек министрлігі жұмыссыздарды аты-жөні бойынша бақылайды.
Қазақстанда жұмысқа орналастыру тәсілі өзгеруде. Енді көмек жұмыс табуы ең қиын әлеуметтік осал топтарға бағытталады.
Кімге және қалай көмек көрсетіледі?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 93,5 мың адамнан тұратын «басым топ» айқындалды. Бұл топқа табысы төмен азаматтар, жұмыс тәжірибесі жоқ немесе еңбек өтілінде алты айдан астам үзілісі бар жандар, сондай-ақ жоғары білімі жоқ үміткерлер енді.
Бұл ретте, ресурстарды барынша мұқтаж жандарға жұмылдыру үшін еңбек нарығындағы орны тұрақты адамдар бұл тізімнен шығарылды. Осал топтар үшін жеке сүйемелдеу жүйесі енгізіліп, Мансап орталықтары бақылау күшейтілген жаңа жұмыс форматына көшуде.
Енді Мансап орталықтары басым топтағы барлық үміткерді арнайы ақпараттық панель арқылы нақты уақыт режимінде аты-жөні бойынша көре алады. Жүйе күн сайынғы динамиканы қадағалауға және азаматқа нақты қандай қолдау шаралары ұсынылғанын тексеруге мүмкіндік береді, – деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Жаңа тәсілдерге қарамастан, қазіргі көрсеткіштер әлі де төмен болып отыр: 93,5 мың адамның ішінен небәрі 39,8 мың адам ғана жұмыспен қамту шараларына тартылған.
Осыған байланысты, министрлік жергілікті жерлердегі жұмысты күшейтуді және әрбір жұмыссыз азаматты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеумен қамтамасыз етуді талап етуде.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек министрлігі Қазақстанда айына 1 млн теңге жәрдемақы алған жұмыссыздар бар екені айтылған статистиканы жариялаған еді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстандықтарға қосымша өмірлік зейнетақы төленеді: 5,8 млн адамның шотына 951 млрд теңге түсті
2026 жылғы Қазақстанның ең табысты мамандықтары: Кімге көп жалақы төленеді?