Елімізде 300-ге жуық санитарлық-гигиеналық торап тапшы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеуіне сәйкес елімізде санитарлы-гигиеналық тораптарға қажеттілік 292 бірлікті құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айта кету керек, санитарлы-гигиеналық тораптарды орнату, олардың жұмыс сапасын қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелеріне әкімдіктер жауапты.

Өңірлер бойынша ең үлкен қажеттілік Қостанай облысында. Мұнда жаңадан 52 санитарлы-гигиеналық торап ашу керек. Ішкі туристік басым бағыттардың бірі саналатын Түркістан облысында да аталған мәселе өзекті. Зерттеуге сәйкес өңірде кемінде 50 санитарлы-гигиеналық торап қажет. Сондай-ақ Ақмола (31) , Алматы (39) , Ақтөбе (26) мен Батыс Қазақстан (23) облыстарында қажеттілік бар.

Айта кету керек, өткен жылы еліміз бойынша 53 санитарлы-гигиеналық торап орнатылды. Бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш басында тұр. Былтыр өңірде 10 санитарлы-гигиеналық торап орнатылды. Одан кейінгі орында 9 санитарлы-гигиеналық торапты іске қосқан Павлодар облысы тұр. Үздік үштікті 8 санитарлы-гигиеналық тораппен Алматы облысы түйіндейді. Сондай-ақ өткен жылы Қызылорда мен Түркістан облыстарында 6 санитарлы-гигиеналық тораптан орнатылды. Жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес биыл өңірлерде 183 санитарлы-гигиеналық торап орнату қарастырылған.

Елімізде туризмнің тартымдылығының негізгі факторларының бірі – саяхаттауға қолайлы жағдай жасау. Оның ішінде санитарлы-гигиеналық тораптармен қамтамасыз ету және оларды күтіп ұстау маңызды. Сондықтан да әкімдіктерге туристік инфрақұрылымды жақсартып, барынша жайлы жағдай жасау бойынша жұмысты күшейту керек. Министрлік өз тарапынан туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралын іске қосты. Соның бірі - санитарлы-гигиеналық тораптарды ұстау шығынын өтеу. Кәсіпкерге сол үшін айына 83 000 теңге көлемінде субсидияланады, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы