20 Тамыз 2026, 13:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Электросамокатқа шектеу күшейеді: Жаңа талап нарыққа қалай әсер етеді?

25 тамыздан бастап Қазақстанда самокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.

Бірер жылдың ішінде электросамокаттар ірі қалалардың күнделікті тіршілігіне сіңісіп кетті. Таңертең жұмысқа асыққан жұрт, кептелістен қашқан студент, аялдамадан үйіне дейін жетуді көздеген тұрғын – самокатты көлік ретінде пайдаланатындар аз емес. Алайда самокат көбейген сайын мәселе де қордалана түсті. Тротуарда жүйткіген жүргізушілер, жаяу жүргіншілермен соқтығысу, жол жиегіне үйіліп қалатын самокаттар, жол-көлік оқиғалары – мұның бәрі бұл саланы бұрынғыдай өз бетімен қалдыруға болмайтынын көрсетті.

Сөйтіп, биыл Қазақстан электросамокат нарығын қатаңырақ реттеуге кірісті. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жалға берілетін самокаттарды есепке алу, пайдаланушыны цифрлық сәйкестендіру, сақтандыру және операторлардың жауапкершілігіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Ал 25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуар және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады.

Жаяу жүргінші үшін бұл – қауіпсіздік. Ал самокат мінетін адам үшін ше? Веложолы жоқ көшеде ол қайда жүреді? Жаңа талап кикшеринг компанияларына қаншалықты салмақ салады? BAQ.KZ тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

1 шілдеден бастап не өзгерді?

Бұған дейін көшеде жүйткіп бара жатқан жалдамалы самокаттың нақты кімге тиесілі екенін анықтау оңай емес еді. Енді жағдай өзгерді. Жаңа талап бойынша жалға берілетін әр электросамокаттың жеке тіркеу нөмірі болуы керек.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, бұл нөмір бейнебақылау камераларына самокатты «тануға» мүмкіндік береді. Егер жүргізуші жол ережесін бұзса, камера арқылы нақты құрылғыны, оның қай операторға тиесілі екенін және оны кім жалға алғанын анықтау жеңілдейді.

Бірақ жаңа тәртіп тек самокат мінген адамды тәртіпке шақырумен шектелмейді. Операторлардың да мойнына қосымша міндет артылды.

Кикшеринг компаниялары самокаттың техникалық жағдайын бақылап, оның қай жерде және қандай жылдамдықпен жүріп бара жатқанын қадағалауға тиіс. Мысалы, адам көп жиналатын аумақта самокаттың жылдамдығын автоматты түрде төмендетуге немесе тұраққа қоюға болмайтын жерде сапарды аяқтатпауға мүмкіндік болуы қажет.

Пайдаланушы да жүйеде жай ғана телефон нөмірімен тіркеліп кете алмайды. Компания оның жасын, жеке мәліметін және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруі керек.

Қолданыстағы талап бойынша жүргізуші куәлігі жоқ адам велосипед жолы мен велосипед жолағымен жүре алады. Ал автомобиль жолының жүру бөлігіне шығу үшін 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және басына шлем киюі қажет.

Демек, жүргізуші куәлігі жоқ пайдаланушыны кикшеринг сервисі автомобиль жолына шығармауы тиіс.

Бұрын самокатты жалға алып, жолға шыға салу оңай болса, енді әр әрекеттің ізі электронды жүйеде қалады.

25 тамыздан кейін самокат қайда жүреді?

25 тамыздан бастап тротуар мен жаяу жүргінші жолы электросамокат үшін жабылады.Осы жерде мәселенің екінші жағы шығады.

Қазақстанның барлық қаласында велосипед жолы бар деп айта алмаймыз. Тіпті веложол салынған қалалардың өзінде оның бір көшеден басталып, келесі көшеге жетпей үзіліп қалатыны кездеседі.

Мұндай жағдайда самокат жүргізушісі велосипед жолы болса – сонымен жүреді. Ондай жол жоқ әрі жүргізуші куәлігі болмаса – самокаттан түсіп, жаяу жүруге тура келеді. Ал 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі мен шлемі бар адам автомобиль жолының оң жақ жиегімен қозғала алады.

Бизнеске қанша салмақ түседі?

Жаңа талаптардың лебі кикшеринг нарығына қазірдің өзінде тиіп отыр.

JET-тің ТМД елдеріндегі операциялық қызметінің басшысы Әлімхан Сансызбайдың айтуынша, Алматыдағы төрт кикшеринг операторының жиынтық түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-дан астам азайған.

Компания өкілінің сөзінше, нарықтағы құлдырау операторларды шығынды қысқартуға итермелеп отыр. Кейбір компаниялар қызметкерлерін азайтып, көшеге шығарылатын самокат санын қысқартуға мәжбүр болған.

Бірақ тұрғындардың қысқа қашықтыққа жылдам жетуге деген сұранысы жоғалған жоқ.

Адамдардың мобильділікке деген қажеттілігі жоғалған жоқ. Пайдаланушылардың бір бөлігі қоғамдық көлікке, енді бірі таксиге ауысты, ал кейбірі жеке электросамокат сатып ала бастады. Қазірдің өзінде маркетплейстерде осы сегменттегі сатылымның 30%-дан астам өскенін көріп отырмыз, – дейді Әлімхан Сансызбай.

Компания өкілі бұл жерде тағы бір тәуекел барын айтады.

Жалға берілетін самокаттардың қозғалысын оператор орталықтан бақылауға қабілетті. Мәселен, белгілі бір аумақта оның жылдамдығын автоматты түрде азайтуға, кіруге болмайтын аумақты шектеуге немесе рұқсат етілмеген жерде сапарды аяқтатпауға болады,-дейді ол.

Ал жеке меншік самокатта мұндай бақылау тетігі жоқ.

Сондықтан Сансызбайдың пікірінше, реттелетін кикшеринг нарығын тым қатты шектеу жеке самокаттардың көбеюіне алып келуі мүмкін. Бұл жағдайда мемлекет пен қала үшін бақылау керісінше қиындай түседі.

JET өкілінің сөзінше, самокатты тротуардан автомобиль жолына ығыстыру велоинфрақұрылымы жоқ көшелерде жаңа қауіп тудыруы мүмкін.

 Самокат сағатына 20-25 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда, оның жанынан әлдеқайда жылдам автомобиль немесе автобус өтуі ықтимал. Оның үстіне самокат дөңгелегі шағын болғандықтан, жолдағы шұңқыр, тас немесе жабынның бүлінген бөлігі жүргізушіге автомобильге қарағанда әлдеқайда қауіпті, - дейді ол.

Соған қарамастан JET өкілдері реттеудің өзіне қарсы емес екенін айтады. Компания әкімдікпен және мемлекеттік органдармен бірге қауіпсіздік шараларын күшейтуге, инфрақұрылымды жоспарлауға қажетті деректерді беруге, жүргізу мектептерін өткізуге және тұрақ мәселесін реттеуге дайын екенін жеткізді.

Халықтың уәжі қандай?

Тротуарда жаяу жүретіндер үшін самокат көптен бері мазасыздық тудырып келеді. Әсіресе артынан дыбыссыз келіп қалатын жүргізушіні байқамайтындар көп.

Кішкентай баламен жүрген ата-аналар бұл мәселені жақсы біледі.

Тротуарда самокатпен қатты жүретіндерден қорқамыз. Артыңнан келгенін байқамай қаласың. Бала түгілі өзіңді қағып кете ме деп алаңдайсың. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынғанын қолдаймын, – дейді қала тұрғыны Алтынай Асанова.

Ал самокатты күнделікті көлік ретінде пайдаланатындар тыйымның өзінен бұрын, оның баламасы болғанын қалайды.

Тыйым салу оңай. Бірақ велосипед жолы барлық жерде жоқ. Егер тротуарға болмайды, ал жолға шығу қауіпті болса, ең алдымен инфрақұрылым керек. Автожолда түрлі жағдай болады. Көлік жүргізушісі күтпеген жерден маневр жасауы мүмкін. Ал мұндай жағдайда самокаттағы адамның мүмкіндігі аз, – дейді Арайлым Белгібаева.

Бұл екі пікір бір-біріне кереғар көрінгенімен, екеуінің де айтпағы бір – қауіпсіздік.

Жаяу жүргінші тротуарда жан-жағына жалтақтамай жүруі керек. Самокат жүргізушісі де бірнеше тонналық көліктердің ортасында жанын шүберекке түйіп жүрмеуге тиіс.

Өзге елдер қандай жолды таңдады?

Самокатқа қатысты дау Қазақстанда ғана туындап отырған жоқ. Парижден Сингапурға дейінгі ірі қалалар соңғы жылдары бір сұрақтың жауабын іздеп келеді: жаяу жүргіншінің қауіпсіздігін сақтай отырып, микромобильділікті қалай дамыту керек?

Мәселен, Берлинде электросамокатпен тротуар және жаяу жүргінші аймағында жүруге рұқсат жоқ. Самокатты адамдардың жолын бөгейтіндей етіп қалдыруға да болмайды.

Францияда электрсамокатты 14 жастан бастап жүргізуге рұқсат етіледі. Жылдамдықтың жоғарғы шегі – 25 км/сағ. Бір құрылғыға екі адамның мінуіне тыйым салынған.

Сингапур бұдан да қатаң жолды таңдады. Электросамокаттар жаяу жүргіншілер жолымен де, автомобиль жолымен де жүрмейді. Негізгі бағыт – велосипед жолдары. Құрылғының өзі тіркеліп, арнайы белгісі болуы қажет.

Ұлыбританияда жеке электросамокатты қоғамдық жолда пайдалану әлі күнге қатаң шектелген. Арнайы сынақ бағдарламасына енгізілген жалдамалы самокаттарға ғана белгіленген аумақта жүруге мүмкіндік берілген. Олар да тротуарға шыға алмайды.

Бірақ қатаң тәртіп нарық міндетті түрде тұралап қалады деген сөз емес.

Лондондағы ресми жалға беру бағдарламасында 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы қыркүйекке дейін самокатпен жасалған сапар саны 1,3 миллионнан 2 миллионнан асып, 54 пайызға көбейген. Бір самокатқа шаққандағы пайдалану көрсеткіші де 50 пайызға артқан.

Осының өзі мәселенің тек тыйымда емес екенін аңғартады.

Егер самокат жүретін жол бар, тұрақтайтын орын анық, ереже түсінікті әрі бақылау жұмыс істеп тұрса, қатаң талаптың өзі нарыққа тұсау бола бермейді.

Қалаға бір-бірімен жалғасатын веложолдар, түсінікті қозғалыс бағыты, арнайы тұрақ орындары және нақты бақылау керек. Сонда ғана самокат тротуардағы «бас ауруы» емес, кептеліске балама болатын қалыпты қалалық көлікке айналмақ.

Еске салсақ, бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстанда самокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынатынын хабарладық. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.

Тағы оқи отырыңыз: