Бүгiн 2026, 14:58 Фото: видеодан скриншот

Елден ақша жинап, көлік сатып алған: Ақтөбеде «самокат» пирамидасын құрғандар сотталды

Электр скутерлері арқылы табыс табуды ұсынған қаржы пирамидасын құрушылар ұсталды.

Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеуді ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізді.

2024 жылы бір топ тұлға өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған.

Нақтысында салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен қалыптасқан.

Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған. Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен. Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан. 

Оның айтуынша, заңсыз әрекеттер нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар 3 автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.

Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот шешімімен 3 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 112 адамды алдап, 51 миллион жинап алған ерлі-зайыптылар сотталды