Эколог Бозжырада салынатын жобаның «шикі» екенін айтып, жетілдіруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіби эколог Лаура Маликова Бозжыра жобасы бойынша өткен қоғамдық талқылау барысында Бозжырада салынатын жобаның «шикі» екенін айтып, жетілдіруді ұсынды. 

Өзім кәсіби эколог ретінде қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасын қарап, бұл жобаның біздегі заңнамамен бекітілген «Қоршаған ортаға әсерін бағалау  нұсқаулығы» атты министрліктің 2007 жылғы бұйрығына сай еместігі анық көрінеді. Сіздердің жобалырыңызда «ОВОС» делінген, демек сіздер екінші кезеңді жүзеге асырып жатырсыздар. Алайда егер «ОВОС» жобасымен тыңғылықты таныссақ, онда пайдалануға беру кезіндегі су көлемі көрсетілмеген. Бұл кішкентай су көлемі емес. Судың қайда ағылатыны да көрсетілуі керек, - деді ол. 

Экологтың айтуынша, нұсқаулыққа сәйкес, екінші кезеңде нақты жобалау болу керек. 

Нақты жобалау бойынша су қайдан алынатыны және ол қайда ағылатыны көрсетілуі керек. Алайда «ОВОС-та» бұл мәліметтер жоқ. Сіз құрылыс кезіндегі ластау бойынша ешқандай есептеу жүргізбегенсіздер. Вибрация бойынша да есеп жоқ. Жоба бойынша сіздерде тікұшақ қонатын алаң бар деп көрсетілген. Алайда тікұшақ алаңдарынан вибрация мен қоршаған ортаны ластау мөлшері көрсетілмеген. Шарында бұл мәселе көрсетілді. Тікұшақтар төмен ұшып, табиғи ландшафтқа әсер етуі айтылған еді, - деді Маликова. 

Оның айтуынша, құрылыс кезінде бір мезетте 125 адам жұмыс істейді. 

Алайда 125 адамды бірден мына аймақ қалай көтеретіні бойынша есеп жүргізілмеген. Атқораға байланысты айтсақ, иіс мәселесін қалай шешілетіні мүлдем жоқ. Сіздер бұрын күшін жоғалтқан заңға сілтеме жасайсыздар. Бұл жоба жобалау деңгейі бойынша стандартқа сай келмейді. Оны қайта жетілдіріп, қоғам талқылауына қайта ұсыну керек. Қазіргі күйі жетілмеген, - деді ол.
Еске салсақ, Ғалымжан Ниязов Бозжыра жобасы бойынша өткен қоғамдық тыңдау барысында Маңғыстаудағы «жылы жағажайдың» инфрақұрылымына 72 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен қатар жаңадан салынатын кешен Бозжыра тауларынан 3-4 шақырым алыста орналасатыны анықталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы