Домбыра харам ба? ҚМДБ жауап берді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысының кулуарында домбыра харам емес екенін айтып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін заң керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кейінгі кездерде әртүрлі діни ағымдардың қисық уағыздары, насихаттары біздің ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына тиісуі басталғанына куә болдық. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды сақтау және оны халыққа кеңінен насихаттау міндетіміз. Ол ел бірлігі үшін аса маңызды. Сол себепті бұл жұмыстар насихат негізінде жүргізіліп жатыр. Деструктивті діни ағымның алдын алу үшін заңның да тетіктері қажет, - деді бас мүфти.

Сөзінше, деструктивті ағым біздің тұрақтылығымызға қауіп төндіретін болса, онда оны заңмен алдын алу керек.

Бейбітшілік сарайында бірнеше рет Пайғамбарымызға арналған іс-шараларды өткіздік. Ол жерде домбыра мен ұлттық аспаптарымызбен дініміз насихатталып, Пайғамбарымызға салауат, Аллаға мадақ айтылып келе жатыр. Сондықтан ҚМДБ 30 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр, - деп айтты Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти атап өткендей, ҚМДБ-да дін мен дәстүр деген арнайы бөлім бар. Бұл бөлім халыққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келе жатыр.

Домбыра – харам емес, - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық аспап домбыраға қатысты сауал жолдап, домбыраны харам дегендер жайлы айтты. Осы мәселеге қатысты ҚМДБ да жауап берген еді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керектігін айтты.

Айта кетейік, айдың басында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жат ағымдардың қазақ қоғамына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан еді. 

Кейін 5 қазанда өткен мұғалімдердің республикалық съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі дін мәселесіне тоқтала отырып, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін, білім беруде бұл қағиданы қатаң сақтау керегін айтты. ОКҚ-да өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде қоғамдық орындарда кейбір діни киімдерге тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Осы мәселеде байланысты бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова діни бірлестіктердің қызметін реттеу қажет деді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы