Деректердің таралуына кім кінәлі: Хакерлер ме, әлде әлсіз қорғаныс па?
Жеке басыңызға қатысты деректер ұрланса, не істеу керек?
Жақында 15 миллион қазақстандықтың деректері тарап кетті деген ақпараттан кейін қоғамда жеке мәліметтердің қорғалуы мәселесі қайта көтерілді. Ресми статистикаға сүйенсек, жылдың бірінші жартысында интернет-алаяқтық деректері бірден 7%-ға азайған. Қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарып, жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылған. Ұлттық банкпен бірлесіп тағы 2,6 миллиард теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеген. Алайда адамдар өзін қауіпсіз сезінуі үшін мұның өзі жеткіліксіз екені анық. Неліктен алаяқтар мен хакерлер әлі күнге дейін құқық қорғау органдарынан жылдам қимылдайды? Ал цифрлық алаяқтар ақшаңызды ұрлаған жағдайда өтемақы алуға бола ма? Осы мәселелерді түсіндіруге «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Жандос Ақтаев көмектеседі.
Сарапшының айтуынша, бүгінде деректеріміздің ұрлану қаупі болжам ғана емес, жүйелі сипат алған нақты мәселе. 2025 жылдың маусымында 16 миллионға жуық қазақстандық туралы ақпарат ашық қолжетімділікке тарап, деректердің сыртқа шығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал 2026 жылдың жазында Жетісу облысында күштік құрылым өкілдері көлемі шамамен сондай жеке деректер базасын тәркіледі. Тергеу нұсқасы бойынша, оны коллекторлық агенттіктің қызметкерлері заңсыз пайдаланған. Яғни деректердің таралуына тек хакерлер ғана емес, ұйым ішіндегі адамдар да себеп болуы мүмкін.
Бейінді комитеттің дерегінше, тек 2025 жылдың өзінде деректердің таралуына қатысты 43 аса маңызды оқиға тіркелген. Ал бір жыл бұрын осы саладағы құқық бұзушылықтар саны шамамен 20%-ға өскен. Бұл ретте расталған оқиғалар мен ақпараттық арандатулардың аражігін ажырату маңызды. Жақында eGov жүйесінен 15 миллион қазақстандықтың деректері сатылымға шығарылды деген ақпарат тарады. Алайда мамандар жүйенің бұзылғанын растайтын дәлел таппады және бұл алаяқтық сипаттағы ақпараттық схема болуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан бұл мәселеге екі жақты қарау керек: деректерге қатысты тәуекел шынайы әрі артып келеді. Бірақ «деректер тарады» деген әрбір ақпаратты эмоцияға беріліп әрі қарай таратпай, алдымен тексерген жөн, – дейді Жандос Ақтаев.
Қазақстанда жеке ақпаратты қорғауға арналған құқықтық база бар. Тиісті заң 2013 жылдан бері қолданыста және оған тұрақты түрде өзгерістер енгізіліп келеді. Сарапшының айтуынша, 2026 жылдың наурызы мен шілдесінде операторларға қойылатын талаптарды күшейтетін түзетулер күшіне енді. Енді цифрлық ресурстардағы деректер Қазақстан аумағында физикалық түрде орналасқан серверлерде немесе дата-орталықтарда сақталуға тиіс. Ал қолжетімділігі шектеулі деректерді үшінші тұлғаларға беру қорғалған және шифрланған арналар арқылы жүзеге асырылуы керек.
Мәселе заңның мәтінінде емес, оның орындалуында. Мемлекеттің жеке компаниялардың ақпараттық жүйелеріне тікелей бақылау жасау мүмкіндігі жоқ. Негізгі ықпал ету тетігі – айыппұл. Алайда ондаған оқиға тіркелгеніне қарамастан, іс жүзінде айыппұл салынған компаниялар саны өте аз. Осал тұстар жеке деректер жаппай жиналғанымен, оларды қорғауға жеткілікті көңіл бөлінбейтін жерлерде шоғырланып отыр. 2025 жылы Kundelik.kz порталынан мыңдаған оқушының деректері интернетке тарап кетті. Ал қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінің ішкі құжаттарынан студент қыздардың аты-жөні мен ЖСН-ы ғана емес, олардың медициналық тексерулеріне қатысты мәліметтер де тараған. Яғни сөз тек «қарапайым» жеке деректер туралы емес, аса сезімтал ақпарат жөнінде болып отыр, – деп атап өтті спикер.
Жандос Ақтаев өзіңді қалай қорғауға болатынын да түсіндірді. «Esti Bol Qory» қоғамдық қоры қоғамдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Соның ішінде азаматтардың деректері белгілі бір ақпарат таралымдарында бар-жоғын анықтауға және азаматтарға ақпараттық қорғаныс жүйесін құруға көмектесе алады.
Біздің ойымызша, киберқауіпсіздігіне тек компаниялар ғана емес, қарапайым азаматтар да мән беруі керек. Өз деректеріңіздің таралған базаларда бар-жоғын мезгіл-мезгіл тексеріп, мүмкіндік болған барлық жерде екі факторлы аутентификацияны қосқан жөн. Сондай-ақ аккаунтқа кіруге жасалған күмәнді әрекеттер туралы хабарламаларды елемеуге болмайды. Бұған қоса, Бірінші кредиттік бюро немесе Мемлекеттік кредиттік тізілім арқылы кредиттік тарихыңызды тұрақты тексеріп тұрған пайдалы. Бұл сіздің деректеріңізді пайдаланып, атыңызға несие рәсімделген жағдайда оны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Жандос Ақтаев.
Алайда адам деректерінің жоғалуынан келген залалды өндіріп алғысы келсе, мәселе күрделене түседі. Қазір деректердің таралуына байланысты салынған айыппұлдар тікелей зардап шеккен азаматтарға емес, бюджетке түседі. Жандос Ақтаевтың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері сынға ұшырап келеді. Себебі мұндай тәсіл деректері ашық қолжетімділікке тарап кеткен нақты адамдарға ешқандай тікелей пайда әкелмейді. Зардап шеккендерге тікелей өтемақы төлеу және бір миллионнан астам адамның деректерін сақтайтын операторларға міндетті киберсақтандыру енгізу туралы ұсыныстар бар. Мұндай бастама депутаттар арасында бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ қазірше ол нақты жұмыс істейтін кепілді тетік емес, әлі де пысықтау сатысында. Сондықтан бүгінде автоматты түрде ақшалай өтемақы алуға болады деп айтуға ерте. Дегенмен бұл бағытта қозғалыс бар.
Ең жиі кездесетін қателік – “деректер бәрібір тарап кетті, енді оларды қорғаудың мәні жоқ” деп ойлау. Содан кейін адамдар әлеуметтік желілерде туған күнін, телефон нөмірін, геолокациясын, құжаттар мен билеттердің суреттерін, балалары және олардың оқитын мектептері туралы ақпаратты жариялай береді. Кейін дәл осы “фондық” ақпарат әлеуметтік инженерия тәсілдерінде пайдаланылады. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін таралған деректерді белсенді қолданады, кейін оны қаржылық алаяқтық жасауға пайдаланады. Мысалы, “банктен” немесе “полициядан” хабарласып, адамның шын аты-жөнін және ЖСН-ын айтып, қоңыраудың рас екеніне сендіруге тырысады, – дейді Жандос Ақтаев.
Екінші жиі кездесетін қателік – әртүрлі сервисте бір парольді пайдалану және парольді өзгерту әрекеті туралы хабарламаларды елемеу. Сарапшының айтуынша, мәселенің ауқымын елеусіз қалдыруға болмайды. 2023 жылы тіркелген 51 мыңнан астам алаяқтық қылмысының жартысына жуығы интернет-алаяқтықпен байланысты болған. Басқаша айтқанда, цифрлық ортадағы абайсыздық абстрактілі қауіп күйінде қалмай, нақты материалдық шығынға айналады.
Бұған дейін даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматына қатысты деректер сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланды.
Сондай-ақ, ІІМ қазақстандықтардың деректерін сататыны туралы хабарландыру авторын іздеп жатқанын хабарладық.
Тағы оқи отырыңыз: eGov бұзылып, 15 миллион қазақстандықтың дерегі тарап кетті ме? – Министрлік жауап берді
15 млн қазақстандықтың деректері «таралып кетті»: Фактчекерлер нені анықтады