Депутат Қырғызстан әйелдерінен қазақтарға не үйренуге болатынын айтты

Депутат Айгүл Құспан Қырғызстан әйелдерінен қазақтарға не үйренуге болатынын айтты. Ол бұл туралы Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Меніңше, біз көрші Қырғызстаннан көп нәрсені алуымызға болады. Өйткені Қырғызстанның әйелдері шағын және орта бизнесті құруда өте белсенді. Киім тігуде қандай екенін білесіздер? Базарға барып, қандай киімді алсаңыз да, «Қырғызстанда тігілген». Коммерцияда, саудада және басқа да шағын кәсіпті ашуда белсенді. Солардан үлгі алуға болады. Мүмкін Үкімет оларға (Қырғызстан әйелдеріне – ред.) жақсы жағдайлар жасаған шығар, - деді Айгүл Құспан.

Депутат былтыр Қырғызстанда болғанын айтты.

Былтыр Қырғызстанның Қытаймен шекаралас жеріндегі тауда болдым. Шамамен 4 000 метр биіктікте болдым. Қырғыздар сол жерде (тауда – ред.) киіз үй тіккен. Туризм саласында жұмыс істеп жүрген әйелдер көп. Отбасылық бизнес дейді. Бірақ көбі әйелдер. Олар туризм саласын дамытуға көп үлес қосып жүр. Сонымен бірге қырғыздардың туризмі өте қарапайым және ыңғайлы. Ал біздің ойымызша, қазақтың туризмі сондай керемет, «пафосный» болуы керек, - деп айтты Айгүл Құспан.

Ол еуропалықтар жаз бойы Қырғызстанға турист ретінде баратынын айтып, біздің деңгейіміз әлі оған жеткен жоқ екенін қоса кетті.

Еске сала кетсек, елордада Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогының отырысы өткен болатын.

Оған қоса биыл Қазақстан осы диалогқа төрағалық етуді бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы