23 Қараша 2026, 14:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мақсат Рысбеков

Депутат ҚТЖ-дағы жемқорлыққа қатысты пікір білдірді

Құрылтай депутаты Наталья Годунова «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікір білдірді. Ол бұған дейін екі жыл бойы компанияның директорлар кеңесінің құрамында жұмыс істеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ҚТЖ-ға қатысты айтылып жатқан айыптауларға әзірге нақты баға беру ерте. Сондықтан алдымен тергеу нәтижесін күту қажет.

Сонымен қатар ол квазимемлекеттік сектордағы сатып алу жүйесінде бұрыннан келе жатқан мәселелер бар екенін атап өтті. Годунованың сөзінше, Жоғары аудиторлық органды басқарған және ҚТЖ-да жұмыс істеген кезеңінде сатып алудың едәуір бөлігі конкурстық рәсімдерсіз жүргізілетінін байқаған. 2021-2022 жылдары квазимемлекеттік сектордағы мұндай сатып алулардың үлесі шамамен 70%-ға жеткен.

Қазір теміржол саласына қажетті бірқатар өнім Қазақстанда өндіріледі. Олардың қатарында қуатты трансформаторлар, желілік коммутаторлар, қысым датчиктері, радиостанциялар мен бағыттамалы бұрмалар бар, – деді Годунова.

Оның айтуынша, қазір ҚТЖ арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Компанияның алдына транзит көлемін 55 млн тоннаға жеткізу міндеті қойылған.

Депутат бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын айтып, жобаларды іске асыру барысында елеулі заң бұзушылықтар анықталады деп ойламайтынын жеткізді. Дегенмен түпкілікті қорытындыны тергеу нәтижесі көрсететінін атап өтті.

Годунова сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясының директорлар кеңесінің басым бөлігі Қазақстан азаматтарынан тұратынын айтты. Шетел азаматтары арасынан кеңес құрамында тек екі-үш тәуелсіз директор бар. Олардың барлығы – теміржол саласында тәжірибесі мол мамандар.

Бұдан бөлек, директорлар кеңесінің жанында комплаенс қызметі мен ішкі аудит қызметі жұмыс істейді. Олардың қызметіне қатысты мәселелер кеңес отырыстарында тұрақты түрде қаралған. Спикердің айтуынша, осы бағыттағы тәуекелдер бақылауда болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы аз ғана лауазымды тұлғамен шектеледі деп үміттенемін, – деді Наталья Годунова.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ, ҰҚК-ны өзгерістер күтіп тұрғаны, Президент жаңа басшыға қандай талаптар қойғаны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары сот санкциясымен қамауға алынды 

«Қателіктерге жол берілді»: Ақорда ҰҚК басшысының неліктен ауысқанын жазды