Дастан Сәтпаев «Бернлиге» қалай қабылданғанын айтып берді
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев ағылшындық «Бернли» сапындағы бейімделу процесі қалай өтіп жатқанын айтып, команда ішіндегі атмосфераға баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық футболшының айтуынша, серіктестері оны жақсы қабылдап, жаңа ұжымға сіңісіп кетуге көмектесуде.
«Жалпы командада жақсы қабылдады, бәрі мейірімді. Не керек, не керек емес екенін сұрайды, үнемі қолдау көрсетеді. Тіпті бәрімізге таныс Кайлдың өзі де қолдау көрсетіп, жақын тартып сөйлеседі», – деді Сәтпаев.
Футболшы қазірдің өзінде барлық әріптестерімен дерлік араласатынын және әзірге ерекше жақын қарым-қатынаста болған біреуін ғана бөліп көрсете алмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Сәтпаев «Бернлидің» жақында өткен матчына қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, команда кездесу тағдырын негізгі уақытта-ақ шешуі тиіс еді, алайда өз сәттерін пайдалана алмады.
«Менің ойымша, бәрін негізгі уақытта шешуіміз керек еді. Сәттер өте көп болды, тек өзіміз жүзеге асыра алмадық. Ал пенальти – бұл лотерея. Сондықтан әрі қарай дайындаламыз. Ойлауымша, тек бірінші ойында жеңіске жету керек, содан кейін бәрі өз арнасына түседі», – деді ол.
Қазақстандық футболшы матчтан кейінгі бас бапкердің реакциясы туралы да айтып берді. Оның айтуынша, бапкер «Бернли» бір лига төмен түсетін қарсыласты жеңуі тиіс екенін атап өткен. Сәтпаев ағылшын футболының тығыз күнтізбесіне де жеке тоқталды. Жоғары қарқынға қарамастан, мұндай кесте оған ұнайды.
«Кесте өте жақсы, дұрыстап ойнап шығасың. Бірақ қазір турнирден ұшып кеткендіктен, ойындар азырақ болатын сияқты. Сондықтан жалпы алғанда бәрі қалыпты. Қарқын өте жоғары, жақсы», – деп атап өтті Сәтпаев.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев «Бернлиде» «Челсиден» маусым соңына дейін жалға алу құқығымен өнер көрсетеді.
Бұған дейін біз Дастан Сәтпаевтың Англия чемпионатында «Бернли» сапында дебют жасағаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ, сарапшы «Бернлидегі» маусымнан кейін Дастан Сәтпаевты не күтетінін айтты.
Сәтпаевтың «Бернли» сапында дебют жасаған алғашқы матчына да баға берілді.