Дәрігер бала иммунитетін көтерудегі негізгі үш факторды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған «Астана медицина университеті» КеАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Баян Тұрдалина балалар иммунитетін көтерудегі негізгі үш факторды атады.

Бұл бағытта мен педиатр ретінде, ана ретінде ең басты дүние – баланың дұрыс тамақтануы дер едім. Рационалды тамақтану режимін сақтауды педиатрлар да, диетолог мамандар да айтады. Анемиясы бар, гемоглобині төмен, жалпы айтқанда, ет жемейтін балалар жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бейім келеді. Балаға ет өнімдерін бере бастаудың өзіндік уақыты бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, педиатрлар да балаға етті 7-8 айынан бастап беруді ұсынады, - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, бала иммунитетін көтерудегі кезекті факторлар – ұйқы және белсенділік.
Дұрыс ұйқы мен уақытылы белсенділік те иммунитетті көтерудегі негізгі жолдардың бірі. Баланың белсенділігі мен демалу уақыты режимге сәйкес болуы керек. Сондай-ақ, алда күзгі маусым келе жатыр. Күн салқындайды. Жалпы, суық тию – баланың бойындағы аурудың өршуінде негізгі рөл атқарады. Сол себепті, суық тигізіп алмаудың алдын алу шарт. Әрине, дистанция сақтау деп баланы үйде қамап ұстау да дұрыс емес. Баланың белгілі бір уақытта таза ауа жұтып тұрғаны маңызды. Тек, бала саны аз ойын алаңдарында ойнатқан жөн, - деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін маман «күз айларында коронавирус көбіне балаларға әсер етуі мүмкін» деген ақпараттың қаншалықты рас екеніне тоқталып, коронавирустың күзгі маусымдағы белгілері «өзгеруі мүмкін» деген ақпаратқа қатысты пікірін білдірген еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы