3 Қыркүйек 2026, 17:43 Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar

Данияр Елеусінов бокстағы болашағы туралы айтты

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов алдағы жоспарлары туралы айтып, кәсіпқой мансабын жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық боксшы Threads желісіндегі парақшасында өз жағдайы туралы сұрақтарға жауап берген видео жариялады. Елеусіновтің айтуынша, қазір ол АҚШ-та жүр және шаршы алаңға қайта шығуды жоспарлап отыр.

«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі. Барлығы менің қандай мәселелерім барын, бәрі дұрыс па екенін сұрап жатыр. Менде бәрі жақсы, бәрі қалыпты, Штаттамын. Әрі қарай бокстасуды жоспарлап отырмын. Бұйырса, егер қолымнан келсе, бокстасамын. Келмесе - ештеңе етпес. Өз өмірімде қалағанымның бәріне қол жеткіздім, олимпиада чемпионы болдым», - деді Елеусінов.

Сонымен қатар спортшы өз тәуелсіздігін сақтап, өз пікірін ашық айта алу мүмкіндігі маңызды екенін атап өтті.

«Маған: «Жұмысқа бар», - дейді. Иә, мен қарсы емеспін. Бірақ біреуге тәуелді болғым келмейді, өз пікірім болғанын, пікіріммен санасқанын қалаймын. Бірақ біздің елде мұндайға қол жеткізу қиын. Мен біреудің күзетшісі де, біреудің көңілдесі де емеспін. Мен жай ғана чемпионмын, елдің мақтанышымын», - деді боксшы.

Сондай-ақ Елеусінов жаңа жобалармен айналысуға және шетелдегі тәжірибені Қазақстанда қолдануға дайын екенін қосты.

«Егер қолымнан келсе, тырысамын. Егер елім, халқым менің жағымда болса, жұмыс істеймін, шетелде бар жаңа нәрселерді жасаймын. Егер берсе. Міне, осындай жағдайлар», - деп түйіндеді спортшы.

Айта кетейік, бұған дейін Данияр Елеусінов ішімдікке салынғанын мойындап, «менде осындай сынақ болып тұр» деген еді

Сондай-ақ, Данияр Елеусіновтің Астанадағы үш жол-көлік оқиғасынан кейін қамауға алынғаны хабарланды