Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру – ұлттық маңызы бар экологиялық жоба
Жыл сайын 29 шілде бүкіл әлемде Халықаралық жолбарыстар күні ретінде аталып өтіледі.
Даланы дүр сілкіндірген айбар қайта оралды… Бір кездері қазақ даласын еркін кезген Тұран жолбарысы табиғатымыздың айбыны, жабайы әлемнің шынайы қожайыны болды. Өкінішке қарай, адам әрекетінің салдарынан бұл ерекше жыртқыш туған мекенінен біржола жоғалып кетті.
Бүгінде Қазақстан табиғат тарихындағы маңызды миссиялардың бірін жүзеге асырып келеді – Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралту. Бұл – тек бір жануарды қалпына келтіру емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды экологиялық жоба.
Осы игі бастамада «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше рөл атқарады. Резерват аумағында жолбарысқа қолайлы табиғи орта қалыптастырылып, оның қорек базасы мен биоалуантүрлілігін сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Нидерландтан, ал 2026 жылы Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстары жеткізілді. Қазіргі таңда резерваттың арнайы вольер кешенінде жалпы саны алты жолбарыс бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл – Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралту жобасын жүзеге асырудағы маңызды кезеңдердің бірі.
Жолбарыс – жай ғана жыртқыш емес. Ол – табиғаттың күш-қуатын, еркіндігін және экожүйенің саулығын білдіретін маңызды белгі. Жолбарыс бар жерде табиғаттың тепе-теңдігі сақталады.
Табиғатты қорғау – болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір қорғалған орман, әрбір сақталған жануар мен өсімдік келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыз.
Жабайы табиғаттың үні ешқашан өшпесін, ал Тұран жолбарысы қайтадан қазақ даласының айбынына айналсын!
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге жәрдемдесетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Алматы зообағы Лад пен Бентли атты амур жолбарыстарымен толыққан еді.
Халықаралық жолбарыстар күніне орай Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің бұрынғы директоры Олжас Беркінбайұлы әлеуметтік желіде жолбарыстар жөнінде деректермен бөлісіп, 2025 жылы жолбарыстар Қазақстанға оралатынын айтты.
2024 жылы 15 шілдеде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF International) арасында жолбарысты Қазақстан Республикасына реинтродукциялау бағдарламасын іске асыру аясында жолбарыстарды елге қайтару жөнінде меморандумға қол қойылды.
Сонымкен қатар, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында вольерлер ашылып, жолбарыстар алғаш қыстап жатқанын мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз:
Нидерландыдан келген жолбарыстардың жағдайы қалай? – министр жауабы
Қазақстанға алғашқы амур жолбарыстары жеткізілді
Алматы хайуанаттар бағында амур жолбарыстарының үш күшігі дүниеге келді