27 Қараша 2026, 18:43

Боқаев не үшін 10 жылға сотталды: Сот егжей-тегжейін айтты

Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевқа қатысты үкімнің егжей-тегжейін жариялады. Блогер «ҚазТрансГаз» кәсіподағының 42,2 млн теңгесін жымқырғаны, гранит тақталарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырғаны және бюджет қаражатына қатысты жалған видеолар түсіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол 10 жылға БАҚ, әлеуметтік желі, журналистика, блогерлік және қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Боқаевпен бірге оның жиені Мадияр Қалменов пен видеооператор Ұлан Нүсіпқожа сотталды. Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру бабы бойынша Боқаев пен Қалменов ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды.

Кәсіподақ ақшасы және жиһаз цехы

Сот дерегінше, 2018 жылы Боқаев «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі болып жұмыс істеген. Ол компания қызметкерлерінің кәсіподағына 86,9 млн теңгеге халықаралық автошеру өткізу туралы екі шарт жасасуды ұйымдастырған.

47,9 млн теңгеге жасалған шарттардың бірі Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов басқарған «BM Trust» ЖШС-мен рәсімделген. Ал автошеруді іс жүзінде «We Can» ЖШС ұйымдастырған.

Қызмет құнын асырып көрсету және орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу салдарынан 42,2 млн теңге жымқырылған. Сот анықтағандай, бұл қаражаттың бір бөлігі құрал-жабдыққа, үй-жайды жалға алуға және «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісін іске қосуға жұмсалған. Шамамен 9,7 млн теңгенің жиһазы сатылған.

Боқаев пен Қалменовтен «ҚазТрансГаз» қызметкерлері кәсіподағының пайдасына ортақ тәртіпте 42 177 137 теңге өндірілді.

Видео үшін гранит тақталар

2025 жылғы қыркүйекте Боқаев Нүсіпқожамен бірге, сот мәліметінше, Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге тұратын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған. Ақшаға жалданған адамдар тақталарды құлпытас жасайтын шеберханаға апарған. Содан кейін Боқаев Instagram-да ұрлықты өзі анықтаған заң бұзушылық ретінде көрсетіп, видео жариялаған.

Оның рөлін сот Боқаевтың телефонынан табылған ұрлықты орындаушымен жазысқан хаттар және 2025 жылғы 10 қыркүйектегі Нүсіпқожамен сөйлескен аудиожазба арқылы анықтаған. Жазбадағы дауыстың Боқаевқа тиесілі екенін сараптама растаған.

Баум тоғайындағы ағаштарды кесу

2025 жылғы қазанда сот анықтағандай, Боқаев пен Нүсіпқожа Баум тоғайындағы 21 жастан 150 жасқа дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал 213 мың теңгеге бағаланған.

Ағаш кесу Боқаевтың нұсқауымен ұйымдастырылып, ақша орындаушыға тікелей берілген. Кейін Боқаев пен Нүсіпқожа сол жерге барып, видео түсірген және болған жағдайды тұрғын үй салу үшін жер дайындап жатыр-мыс деген құрылыс компаниясымен байланыстырған. Ағаш кесуді орындаушыларды бұған дейін Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты соттаған.

Бюджет туралы жалған видеолар

Сот Боқаев пен Нүсіпқожаның бюджет қаражатының жұмсалуы туралы видеороликтерін зерттеді. Олардың бірінде Алматыдағы екі жаяу жүргінші өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Конкурстық құжаттама бойынша он нысанды күрделі жөндеу туралы сөз болған.

Екінші роликте «Атакент» көрме кешенінің аумағын кешенді қайта жаңартуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаржы тек көше жарығына кеткен шығын ретінде көрсетілген. Іс жүзінде жобаға субұрқақтар, инженерлік құрылыстар, суару жүйелері, көгалдандыру, жабындыларды жаңарту және басқа да жұмыстар кірген.

Боқаев қателесуі мүмкін деген уәжді сот қабылдамады. Ол бұрын мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдар атқарған, квазимемлекеттік секторда және «Нұр Отан» партиясында жұмыс істеген, сондықтан мемлекеттік сатып алудың қалай жүргізілетінін білген. Оның телефонынан өткелдерді жөндеуге қатысты конкурстық құжаттама бар хат алмасу табылған.

Тараптар не сұрады?

Мемлекеттік айыптау Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды және 10 жылға БАҚ, әлеуметтік желі, журналистика, блогерлік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Прокурор Қалменовке 7 жыл, ал Нүсіпқожаға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді сұраған.

Боқаев пен Қалменов кінәсін мойындамады, қорғау тарапы ақтау үкімін шығаруды сұрады. Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, өкінді. Оған бас бостандығын шектеумен қатар пробациялық бақылау мен мәжбүрлі еңбек тағайындалды және 5 жылға дәл сол қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Жеке қаулылар

Сот екі жеке қаулы шығарды. Біріншісі Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына жолданды: сот қорғау тарапындағы бірқатар адвокаттың жол берілмейтін әрекетін көрсетіп, олардың тәртіптік жауапкершілігі мәселесін қарауды ұсынды. Екіншісі «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ға бағытталды — соттың бағалауынша, компания кәсіподақ арқылы іс-шараларға аударылатын қаржыны жеткілікті бақыламаған.

Іс қалай өрбіді?

Бұған дейін, 26 қарашада өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал Боқаев өзіне тағылған айыптармен келіспеді.

Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда Алматыда ұсталған. Қылмыстық іс аясында оның жиені Мадияр Қалменов пен бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап берді. Санжар Боқаев әлеуметтік желілерде Алматыдағы құрылыс, абаттандыру және қала инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген қоғам белсендісі ретінде танылған. Сот процесі 16 қазанда басталған.