28 Шілде 2026, 15:43 Фото: Астана әкімдігі

«Болашақ ойындары-2026»: Турнирдің жүлде қоры 4,65 млн доллар

Астанада өтетін «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турнирінің жалпы жүлде қоры 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, турнирдің жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен қалыптастырылған.

Ең ірі жүлде қоры Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарына қарастырылған. Әрқайсысына 1 миллион АҚШ долларынан бөлінеді, - деді вице-министр.

Сондай-ақ Mobile Legends: Bang Bang бойынша жүлде қоры 900 мың долларды, фиджитал футболдан 625 мың долларды, ал фиджитал жекпе-жектен 500 мың долларды құрайды. Қалған дисциплиналар бойынша да тиісті жүлде қорлары белгіленген.

Вице-министрдің айтуынша, турнирге әлемнің жетекші клубтары мен командалары қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu, Twisted Minds, Bigetron by Vitality және әлемдік спорт пен киберспорт аренасында кеңінен танылған өзге де ұжымдар бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Dota 2 турниріне жалпы 16 команда қатысып, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салатыны хабарланды.

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады. Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын үшінші халықаралық мультиспорттық турнирді өткізуге дайындау барысымен танысты.

Сондай-ақ, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында елордаға келген Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринескуді Астана халықаралық әуежайынан қарсы алды.

Тағы оқи отырыңыз: