Биыл елімізде алғашқы автомобиль тоннелі мен ең үлкен көпір құрылысы аяқталмақ

Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев министрлік брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шақпақ баба асуы арқылы өтетін еліміздегі алғашқы автомобиль тоннелінің құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады, - деді министр.

Сондай-ақ биыл Бұқтырма су қоймасы арқылы Қазақстандағы ең үлкен көпірдің құрылысын аяқтау көзделген.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метр, – деді Марат Қарабаев.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Бұқтырма су қоймасы арқылы Қазақстандағы ең үлкен көпірдің тіректерін салу бойынша жұмыстардың жалпы көлемі 81 пайызға орындалды. Атап айтқанда, 21 тіректің 17-сі салынып, қалған 4 тірек бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Ал Шақпақ баба асуы арқылы өтетін автомобиль тоннелінде бетон және асфальтбетон жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесін монтаждау және газ құбырларын өткізу, желдеткіштер мен өртке қарсы жабдықтарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар ол жол апатының 38 пайызы жылдамдықты арттырғаннан болатынын, 20 жыл жөнделмеген жолдар жөнделетінін айтқан болатын. Сондай-ақ министр Қайыңды мен Көлсайға жол салына ма деген сауалға жауап берген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы