«Бір отбасынан үш адам жарақат алды, бірақ біз куәгер секілді отырмыз» – жәбірленуші Мырзуан ісі бойынша
Жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстілеріне кірпіш құлағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, оқиға 2025 жылғы қарашада Астанада болған. Қалиева сіңлісімен бірге «Корзинка» дүкеніне кірмек болған сәтте ғимараттан кірпіштер құлай бастаған.
Бір қолыммен басымды жауып үлгердім. Кірпіштердің арасында қысылып қалдым, дауысым да әрең шықты. Дүкеннен екі жігіт жүгіріп шығып, үстімдегі кірпіштерді алып, мені қолымнан сүйреп шығарды, – деді жәбірленуші сотта.
Гүлнар Қалиеваның айтуынша, сол кезде ол сіңлісінің кірпіш үйіндісінің астында қалғанын көрген. Оның даусы өте әлсіз естілген.
Жәбірленушіні дүкеннің кіреберісіне отырғызған. Ол айналасындағылардан сіңлісін тезірек үйінді астынан шығаруды сұраған.
Оны алып шықпақ болған кезде дүкендегі бір әйел «қозғамаңыздар» деп айқайлады. Мен жарақат алған адамды қозғалтпау керек шығар деп түсіндім, – деді Қалиева.
Осыдан кейін ол телефонын алып, туысы Жангелдіге хабарласып, болған жағдайды жеткізген. Көп ұзамай оқиға орнына оның туыстары және жедел жәрдем қызметкерлері келген.
Алайда жәбірленушінің айтуынша, фельдшерлер зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан кезде кірпіш тағы да құлаған.
Сол кезде сіңілімнен айырылып қалдым деп ойладым. Фельдшер қыздардың бірі басын қолымен жауып, еңкейіп дүкенге қарай кірді. Содан кейін бәрі жылдам қимылдай бастады, зембіл әкелді, – деді ол.
Қалиеваның сөзінше, зардап шеккендерді кезекпен зембілге салып, жедел жәрдем көлігіне жеткізген. Кейін олар Астанадағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан №1 көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
Сондай-ақ ол оқиғаны еске алып, көзіне жас алды. Айтуынша, бұл оқиғадан кейін ол жұмыс жасауға жарамсыз болып қалған.
Қолымда метальконструктор тұр, қарашада оны алдыртуға баруым керек. Бір отбасынан бізден үш адам жарақат алып отыр. Біздің жарақат жеңіл жарақат емес. Біз де ескерусіз қалмауымыз керек. Біздің материалдық, моральдық шығынымызды кім өтейді?, - дейді жәбірленуші.
Ал прокурор құрылыстың нақты қай жерден құлағанын сұрады.
Мен қанша ауырып жатсам да біліп тұрдым. Жоғарыдан құлады, - деді ол.
Сот отырысында жәбірленуші оқиға болған нысанда қауіпсіздік талаптары тиісті деңгейде сақталмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қауіпті аумақ алдын ала қоршалмаған және ол жерден балалар да жиі өтіп жүрген.
Өз міндетіне салғырт қарады деп есептеймін. Альпинистерді шақырмаған. Ол жерді неге қоршап қоймады? Тіпті өткелді толық жауып тастауға болатын еді. Ол жерде балалар жүреді, түрлі секцияға қатысатындар бар. Каратэ киімін киген балалардың жүгіріп жүргенін өзім бірнеше рет көрдім. Сондықтан бұл жерді алдын ала жабу керек еді, – деді жәбірленуші.
Сот барысында одан оқиғаға дейін денсаулығында мүгедектікке әкелуі мүмкін қандай да бір ауру болған-болмағаны да сұралды.
Жәбірленуші бұған дейін денсаулығында мұндай мәселе болмағанын айтып, оқиғаға дейін өзін толық сау адам ретінде сипаттады.
Еске сала кетейік, Жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін 18 қарашада алған жарақатынан көз жұмды.
Сондай-ақ Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.
Тағы оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуан ісі: Судья Жұбаниязова ісін прокурорға қайтарудан бас тартты
Марқұм болған фельдшер ісі: Жұбаниязованың адвокаты қасбеттің опырылу себебін қайта зерттеуді сұрады