«Бір орынға жылжуды сұраған»: Алматыда автобуста қызды буындырған ер адам қамалды
№227 автобустағы жанжалдың соңы ауыр болды. Жолаушы қыз ер адам оны еш ескертусіз мойнынан қылғындырғанын айтқан. Полиция мән-жайды анықтады.
Алматыда №227 бағыттағы автобуста жолаушы қыз бен егде жастағы ер адамның арасында жанжал шыққан. Полицияның мәліметінше, оқиғаға байланысты ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде автобуста болған оқиға туралы ақпарат тараған. Онда жолаушы қыздың айтуынша, ол автобустың артқы жағына отырып, бір орынға жайғасу үшін жанында отырған ер адамнан жылжуын сұраған.
Алайда қыздың сөзінше, ер адам еш ескертусіз оның мойнынан ұстап, қылғындыра бастаған. Жолаушы бірден босап шыға алмаған. Оған жанында отырған басқа жолаушы көмектескен.
Оқиғаға байланысты Алматы полициясы тексеру жүргізген.
Аталған факті бойынша Алматы қаласының полициясы тексеру жүргізді. Тексеру барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, оның нәтижесінде құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Полиция департаменті.
Сот қаулысымен ер адамға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалған.
Полиция қоғамдық көлікте және басқа да қоғамдық орындарда тәртіп нормаларын сақтап, айналадағы адамдарға құрметпен қарау қажеттігін еске салды.
Жанжал туындаған жағдайда азаматтар құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермей, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуі қажет, – деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысында такси жүргізушісі WhatsApp-тағы дауыстық хабарлама үшін жауапқа тартылды. Мессенджердегі қорлау қылмыстық жауапкершілікке айналды.
Тағы оқи отырыңыз:
- Пышақпен қаруланған ер адам Ұлттық ұлан сарбаздарына қарсы шықты: Талдықорғанда қауіпті оқиға болды
- Ақтауға «оңай ақша» іздеп барған бойжеткен 7 жылға сотталды
- Астанадағы №44 автобустағы дүрбелеңнің себебі анықталды