Бүгiн 2026, 15:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Бибісара Асаубаева жалақысының қысқарғанын айтып, Тоқаевтан көмек сұрады

Әлем чемпионы жалақысының үш есе қысқарғанын айтып, дайындыққа өз қаржысын жұмсағанын мәлімдеді. Ол Президенттен не сұрады?

Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жасады. Norway Chess-2026 беделді турниріндегі жеңісінен кейін спортшы халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселелері мен спорт саласындағы құрылымдар тарапынан төленетін төлемдердің қысқарғанын мәлімдеді.

Жарияланған бейнеүндеуінде Асаубаева өзінің блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы екенін және әлемдегі ең мықты шахматшылардың қатарына кіретінін еске салды.

Спортшының айтуынша, Norway Chess-2026 турниріне дайындық толықтай өзінің жүлде қорынан түскен қаражат пен ата-анасының қаржысы есебінен жүргізілген.

Осы маңызды турнир алдындағы оқу-жаттығу жиындары менің жеке жүлде ақшам және ата-анамның қаражаты есебінен өтті. Бұл турнирдегі секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысын әлі күнге дейін төлеген жоқпыз, – деді шахматшы.

Қаржыландыруға қатысты шағымдар

Асаубаева халықаралық аренадағы жоғары жетістіктеріне қарамастан, спорт саласындағы шенеуніктермен жұмыс барысында үнемі қиындықтарға тап болатынын айтты.

Оның сөзінше, шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жеткені үшін берілетін сыйақы шамамен 2 мың долларды құрайды. Ал Олимпиада ойындарындағы алтын медаль үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылған.

Сондай-ақ спортшы Туризм және спорт министрлігіне жаңа басшылық келгеннен кейін өзінің ай сайынғы төлемі қысқарғанын мәлімдеді.

Әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімнен кейін, 2023 жылдан бастап Спорт министрлігі желісі бойынша айына 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. Ал министр Мырзабосынов келгеннен кейін, 2025 жылдан бастап жалақымды үш есеге қысқартты, – делінген үндеуде.

Sport Qory арқылы қолдау ала алмаған

Шахматшы әлем чемпионы атағына үміткерлер турнирі алдында Sport Qory қоры арқылы қаржылық қолдау сұрағанын айтты.

Оның айтуынша, бастапқыда сұралған қаражаттың тек бір бөлігі ғана мақұлданған. Соның салдарынан секунданттар қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Осындай маңызды жарысқа секунданттарын алып келе алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын алдым, – деді ол.

Кейінірек оның айтуынша, қордың қарауына қайта жолданған өтінім де ешқандай түсініктемесіз кері қайтарылған.

Мемлекеттік награда мәселесі

Бұдан бөлек, спортшы 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Президент Жарлығымен өзіне берілген II дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін алмағанын айтты.

Асаубаеваның сөзінше, марапатты алу үшін Астанаға үш рет келгенімен, әр жолы марапаттау рәсімі кейінге шегерілген.

Сондай-ақ шахматшы eOtinish жүйесі арқылы Мемлекет басшысының атына бірнеше рет өтініш жолдағанын, алайда әзірге жауап алмағанын жеткізді.

Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және көп жұмыс күтіп тұр. Не істеуім керек, құрметті Президент? – деп үндеу жасады Бибісара Асаубаева.

Бибісара Асаубаева – Қазақстандағы ең атақты әрі табысты шахматшылардың бірі. Ол 2026 жылдың басында мансабында үшінші рет блиц шахматынан әлем чемпионы атанып, кейін Norway Chess-2026 турнирінің жеңімпазы болды. Қазіргі уақытта әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орында тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысыз қалғаны туралы дау әлеуметтік желіде талқыға түскен болатын. Спортшы отандық подкастардың бірінде берген сұхбатында бірнеше ай бойы жалақы алмағанын, оның ішінде 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін де төлем жасалмағанын айтқан болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Туризм және спорт министрлігінің атына сын айтылды. 

Кеше, яғни 9 маусымда Үкіметте өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайға түсініктеме беріп, мәселенің қалай шешілгенін айтты.

Тағы оқи отырыңыз: Бибісара Асаубаева Norway Chess-2026 турнирінің чемпионы атанды 

Телефонсыз өскен чемпион: Бибісара Асаубаеваның анасы қызын қалай тәрбиелегенін айтты