Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстыра ма? – Министрлік мәлімдеме жасады
Әйгілі шахматшының елден кетуі мүмкін деген қауесетке министрлік нүкте қойды. Сонымен қатар қаржыландыру мен мемлекеттік марапат мәселесіне де жауап берілді.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыруы мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тағы да қайталап айтқым келеді, Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл әңгімені кім және қандай мақсатпен көтергенін білмеймін. Бибісара – өз елінің нағыз патриоты. Ол – шахматта зор жетістіктерге жеткен көрнекті спортшы. Қазақстан тарихында алғаш рет қатарынан үш мәрте әлем чемпионы атанған шахматшымыз бар. Біз Бибісараны ерекше құрметтейміз.
Оның қаржыландыруға қатысты көтерген мәселелері шешімін тапты. Жақын арада Бибісара Астанаға келеді деп күтіп отырмыз. Сол кезде оған Мемлекет басшысының мемлекеттік наградасы салтанатты түрде табысталады, – деді вице-министр Үкімет кулуарында.
Бұған дейін қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмек сұрап үндеу жасаған болатын.
Norway Chess-2026 турнирінде жеңіске жеткеннен кейін спортшы халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселесі мен спорт құрылымдары тарапынан төленетін төлемдердің қысқарғанын мәлімдеді.
Жариялаған бейнеүндеуінде Асаубаева өзінің блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы екенін және әлемдегі ең үздік шахматшылардың қатарында екенін еске салды.
Спортшының айтуынша, Norway Chess-2026 турниріне дайындық өзінің ұтыс қаражаты мен отбасының қаржысы есебінен жүргізілген. Сондай-ақ секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысын төлеуде қиындықтар туындаған.
Асаубаева жоғары нәтижелер көрсеткеніне қарамастан, спорт саласындағы шенеуніктермен өзара іс-қимыл кезінде түрлі қиындықтарға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, халықаралық аренадағы жетістіктеріне қарамастан, сыйақылар мен ай сайынғы төлемдер лайықты деңгейде емес, ал спорт ведомствосының басшылығы ауысқаннан кейін жалақысы қысқарған.
Сонымен қатар спортшы Sport Qory қоры арқылы қолдау сұрағанын, алайда тек ішінара қаржыландыру алғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл толыққанды дайындық жүргізуге, соның ішінде маңызды турнирлерге секунданттарды ертіп баруға кері әсерін тигізген.
Бұдан бөлек, Асаубаева мемлекеттік награда мәселесін де көтерді. Ол марапатты алу үшін бірнеше мәрте Астанаға келгенімен, марапаттау рәсімі әр жолы кейінге шегерілгенін айтты. Сондай-ақ eOtinish жүйесі арқылы бірнеше рет өтініш жолдағанымен, оған жауап алмағанын мәлімдеді.
Министрліктің жауабы
Спортшының үндеуінен кейін Туризм және спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындығын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Спортты қолдау қоры арқылы 2024 жылы спортшының жобасына 64 миллион теңге, 2025 жылы – 79 миллион теңге, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінген.
Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, қаржыландыру көлемінің кезең-кезеңімен ұлғаюы спортшының халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына жағдай жасауға бағытталған және мемлекет пен федерация тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың көрінісі.
Сондай-ақ ол Асаубаеваның өзіне артылған сенімді жоғары нәтижелерімен ақтап келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан тарихындағы блиц шахматынан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Министрлікте елімізде шахматты дамыту мемлекеттік тұжырымдама аясында жалғасып жатқанын, оның ішінде жаңа шахмат секцияларын ашу және спортшыларды даярлау жүйесін кеңейту көзделгенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, Бибісара Асаубаевамен қатар басқа да қазақстандық шахматшылар жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Соның бірі – жастар арасында әлем чемпионы атанған Қазбек Ноғербек.
Сонымен қатар министрлік Қазақстан шахмат федерациясы мен оның басшылығының елімізде зияткерлік спортты дамытуға және кеңінен насихаттауға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Бибісара Асаубаева Norway Chess-2026 турнирінің чемпионы атанды
Телефонсыз өскен чемпион: Бибісара Асаубаеваның анасы қызын қалай тәрбиелегенін айтты