«Бесінші баласын босанғанын ұмытып қалған»: Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы әлі де белгісіз
Атыраудағы қанды оқиға: Туыстары Ақбаянның жағдайы туралы айтты.
Атырауда Жангелдин ауылында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатқанда, оның бұрынғы жұбайы - қаза тапқандардың қызы әрі қарындасы Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы психиатрлар тұрғысынан әлі де белгісіз болып қалуда.
Әйелді алдымен Атырауда тексеріп, кейін Алматыдағы стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамасына жіберген. Алайда, бұдан кейін де мамандар көпшілікке жарияланған нақты бір қорытындыға келмеді және «әрі қарай бақылау мен нақтылау диагностикасын жүргізуді» ұсынды, - деп хабарлады Атырау облысының прокуратурасы.
Еске сала кетейік, оның 2022 жылдан бері ажырасқан бұрынғы күйеуі - төрт туысын өлтіру ісі бойынша негізгі және жалғыз айыпталушы.
Ал Ақбаянның өзіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша бөлек іс қозғалған.
Прокуратура оның іс-әрекетіне әлі түпкілікті құқықтық баға берілмегенін атап өтті.
Қадағалау органының мәліметінше, Мұқанғалиеваға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған.
Айта кетейік, Ақбаянның жақындары әлеуметтік желілерде оның Атыраудағы мамандандырылған медициналық мекемеде қайтадан жатқанын хабарлаған болатын.
Олардың айтуынша, Ақбаянға киім-кешек пен азық-түлік тұрақты түрде беріліп тұрады, бірақ ол бұл сәлемдемелерді тергеу нұсқасы бойынша Сәрсемәлиевтің алғашқы құрбаны болған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтен келіп жатыр деп есептейді.
Сондай-ақ, жақындары Ақбаянның балаларын сағынып жүргенін, бірақ өзінің бесінші баласын босанғанын білмейтінін (есіне түсіре алмайтынын) айтады.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы 18 мамырда өтті.
Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.
Атыраудағы сотта жаңа деректер әшкере болып, тергеу дерегінше мәйіт аулада 8 ай бойы көміліп жатқаны белгілі болды.