Берденовке жасалған қастандық: сотта куәгер қызметтен босату жайын растады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сотта тыңдалым өтіп, куәгерлердің бірі Ернар Жиембайды жұмыстан босату мәселесі болғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотта алғашқы болып қала құрылыс басқармасының құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков түсініктеме берді. Оның айтуынша, 21 сәуірде басқарма басшысының орынбасары Ажибаев хабарласып, Жиембайдың қызметтен кету туралы өтініш жазған-жазбағанын анықтауды сұраған. Сол кезде Жиембай "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры қызметін атқарған.

Кенжебеков мән-жайды білу үшін Жиембайға тікелей хабарласқан.

Ернар: "Неге бұлай жасайды, оған бір ай уақыт бермеді ме?" деп таңғалды. Бұған дейін оның тарапынан тәртіп бұзушылық немесе заңсыз әрекет байқамадым, – деді куәгер.

Ол Жиембайды тағайындау немесе қызметтен босату тек басқарма басшысының құзырында екенін, ал Берденовтің мұндай өкілеті жоқтығын айтты.

Бұған дейінгі сотта айыпталушы Ернар Жиембай жәбірленушіні тек қорқытқысы келгенін мәлімдеген. Оның сөзінше, жанжал Берденовтің жұбайына қатысты әрекеттерінен басталған. Жиембай шенеунікті қызметтік өкілетін пайдаланып, өзін "қаматамын" деп қорқытты және Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жабуды талап етті деп айыптады.

Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастындық жасалды. Оған оқ атылып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Шымкент әкімдігі Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестіктің қызметкері күдікті деп танылған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бастапқыда оқиғаға қызғаныш не әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды. Алайда қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмақұлова бұл нұсқаны жоққа шығарды.

Сондай-ақ, Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді.

2025 жылдың 28 шілдесінде Шымкентте Берденов ісі бойынша сот процесі басталды. Алайда Берденов сотқа келмегенін хабарладық.

Белгілі болғандай, Руслан Берденовті атқан күдіктінің әкесі үндеу жасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы