Базалық мөлшерлеме төмендесе, шетелдік инвесторлар кетпей ме? – Ұлттық банк жауабы
Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің баспасөз мәслихатында мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы бейрезиденттердің үлесіне тоқталды. Қазір олардың қатысу деңгейі шамамен 7%-ды құрайды. Ұлттық банк бұл көрсеткішті қалыпты деп бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеті пайыз – жақсы көрсеткіш. Бірақ басқа елдердегі 15-20%-дық деңгеймен салыстырғанда, бұл әлі де төмен. Біздің ойымызша, 10% шамасындағы көрсеткіш шекті деңгей болуы мүмкін. Оның тым жоғарылағанын қаламаймыз, өйткені көлем ұлғайған сайын капиталдың жылдам кетуіне қатысты тәуекелдер де артады, – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаражатына байланысты елеулі қауіп байқалмайды. Керісінше, шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныстың өсуі мемлекеттік қарыздың құнын 2–3 пайыздық тармаққа төмендетуге мүмкіндік берген.
Бір жыл бұрын бұл қаражатты «ыстық ақша» деп атап, оның елден тез шығып кетуі теңге бағамына қысым жасайды деген пікірлер айтылды. Біз сол кезде жауапты макроэкономикалық және ақша-кредит саясатын жүргізсек, бұл қаражаттың кетпейтінін айтқанбыз. Бір жыл өтті: инвесторлар кеткен жоқ, керісінше, салымдарын арттырды, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменов халықаралық инвесторлардың шешімі елдегі экономикалық ахуалға, Ұлттық банктің ақша-кредит саясатына және Үкіметтің фискалдық тәртібіне тікелей байланысты екенін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан жауапты экономикалық саясат жүргізіп, қаржылық тұрақтылықты сақтаған жағдайда бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздардан жаппай шығуына негіз болмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені хабарланды.
Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға 2027-2029 жылдары бағытталатын 5 трлн теңгенің ықтимал инфляциялық әсері Ұлттық банктің болжамдарына енгізілді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Инфляция 9,8%-ға түсті: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету себебін атады