Бауырдың қатерлі ісігінен жыл сайын 600-дей қазақстандық көз жұмады – дәрігер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бас гепатологы Күлпәш Қалиасқарова мәлімдеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2018 жылы бауырдың қатерлі ісігіне 1020 адам шалдыққан. Бұл дегеніміз 100 мың адамға шаққанда 5,5-ті құрайды. Өлім-жітім көрсеткішіне тоқталсақ, аталған жылы 588 адам қайтыс болған, бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 3,2-ні құрайды. Ал 2019 жылы бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққандар көрсеткіші – 1012 адамға тең болды. Бұл 100 мың адамға шаққанда көрсеткіші – 5,4. Дерттен 642 адам қайтыс болған, өлім-жітім көрсеткіші – 3,4-ке тең. 2020 жылы бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққандар көрсеткіші - 861 адам, 100 мың адамға шаққанда көрсеткіші - 4,6. 2020 жылы 580 адам қайтыс болған, 100 мың адамға шаққанда көрсеткіші – 3,1-ді құрайды, - деп атап өтті бас гепатолог.
Айтуынша, коронавирус пандемиясының салдарынан вирустық гепатиттен қайтыс болғандар саны артқан.
Бүгінгі күні бұл диагноз өлім-жітімнің ТОП 10 себебіне кіреді, ал ас қорыту жолдарының аурулары құрылымында бауыр циррозы бірінші орында тұр. Е гепатиті жүкті әйелдердің 20%-ында өлімге әкелуі мүмкін. Бауыр циррозына әкелетін себептердің арасында вирустық гепатит, бауырдың алкогольдік және алкогольсіз майлы зақымдануы, сондай-ақ бауырдың аутоиммунды және метаболикалық аурулары жетекші орын алады, - деді дәрігер.