"Басыма пакет кигізді". Шерзат ісіндегі тағы бір сотталушы тергеудегі жауабынан бас тартты
Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаев та тергеу органдары қысым көрсеткенін айтып, бұған дейінгі жауабынан бас тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Одан адвокаттардың бірі Дархан Әскентайдың төбелескені жайлы неге айтқанын сұрады.
Мен төбелесті (Дархан Әскентайды – ред.) деп жауап берген жоқпын. Тергеу органдары қысым көрсетті, - деді Шыңғыс Белғожаев.
Сөзінше, қысым тергеу кезінде берген жауаптарына әсер еткен. Ол сотқа дейінгі тергеу-тексеруде берген жауаптарын толық қуаттамайтынын айтты.
Прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыдан қысым көргені жайлы неге арызданбағанын сұрады.
Одан кейінгі жауап алу былай жалғасты:
- Басқа сотталушылар арызданған. Сіз қысым болғанын неге қазір ғана айтып тұрсыз?
- Дәлелдейтін айғағым болған жоқ. Үстіме жарақат түскен жоқ, басыма пакет кигізді. Дәлел жоқ.
- Сонда да неге арызданбадыңыз?
- Дәлел болмағандықтан оның еш пайдасы жоқ қой.
- Қазір дәлеліңіз жоқ болса да айтып тұрсыз ғой.
- Қазір айтуға мәжбүрмін.
- Сіз видеода "Қамажай" дүкенінен Қаржаубай Нұрымовтың шығуына кедергі келтіріп жатсыз. Нұрымов сіздің жеке басыңызға агрессия көрсетіп, сізге бірнәрсе деді ме?
- Көрсетті. Пышақпен жүгірді. Нақты мен және жанымдағы 1-2 балаға қарай жүгірді. Бірақ пышақты бізге тақап, қолданатындай мүмкіндігі болған жоқ. Есікті ашып шығып келе жатқан кезде, есікті теуіп дүкенге қарай кіргіздім.
- Кафеде болдық деп айттыңыз. Келген кездегі жағдайларыңыз қандай болды? Мас күйде болыңыздар ма болмаса сау ма? Қандай жағдайда болдыңыздар?
- Басқасын айта алмаймын. Өзім жарты стақан сыра іштім. Масаң күйде болған жоқпын.
- Ең бірінші соққыны кім жасады?
- Көрген жоқпын.
- Тергеуде жауап бергенде багажда жатқан сұр түсті жиналмалы бәкіні алып шықтым дегенсіз. Алайда оны ашпағаныңызды айттыңыз. Пышақты не үшін алып шықтыңыз?
- Бізге пышақпен жүгіргеннен кейін ол кісі тоқтай ма деген мақсатпен пышақты шығардым.
- Демек багаждан шығармай, өзіңізбен бірге қалтаңызда ұстап жүргенсіз...
- Багаждан алдым.
- Видеода сіз қолыңыздағы сөмкеңізден алып шықтыңыз.
- Видеоға дейін қалтама салып алдым.
- Енді оны не мақсатпен салып алдыңыз?
- Мақсатын айттым ғой сізге.
- Естімедім.
- Мақсатын айттым ғой.
- Жоқ, не мақсатпен салып алғаныңызды және қай кезде салып алғаныңызды естімедім.
- Көліктен енді түскен кезде салып алдым.
- Не үшін?
- Қорғану мақсатында алдында айтқанымдай.
- Құрметті сот, артында сотталушылар кедергі жасап, сыбырлап айтып отыр.
- Маған сыбырлап, ештеңе айтып отырған жоқ.
Осы кезде судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға осындай әрекет тағы қайталанса, сот олардың қатысуынсыз өткізілетінін айтып, ескерту жасады.
Прокурор Дана Сәрсенбай көліктен түскен кездерінде төбелес басталмағанын есіне салып, бәкіні не себепті бірден қалтасына салып алғанын сұрады.
Шыңғыс Белғожаев сөзінше, ол Нұрбол Тоқтаубаев хабарласқанында Нұрымовтың пышақ ала жүгіріп жатқанын естіген.
Еске салсақ, бұған дейін Талғардағы атышулы істің сотында айыпталушы Азамат Тоқтаубаев Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сотта жауап берген болатын. Белгілі болғандай, ол бұрын сотты болған. Азамат Тоқтаубаев Дархан Әскентай жайлы жалған айғақ бергенін айтты.
Сондай-ақ, Шерзат Болат ісі бойынша сотта кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды.
Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаев болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтты. Сөзінше, ол мылтық атқан сақалдыны ұрамын деп барған, бірақ Шерзатты ұрыпты.