23 Қараша 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Банкроттыққа жол жабық: Несиесін кешіруді сұраған қазақстандықтар қандай талаптардан өте алмай жатыр?

Қазақстанда 2023 жылдан бері 97 646 азамат банкрот деп танылды. Олардың кредиторлар алдындағы 396,7 миллиард теңге қарызы тоқтатылған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ-тің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Комитет мәліметінше, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңда банкроттықтың екі түрі қарастырылған: соттан тыс банкроттық және сот арқылы банкроттық.

Кімдер соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады?

Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсімі банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешекке қолданылады. Бұл талап кредитордың лицензиясынан айырылғанына, таратылғанына немесе тарату сатысында тұрғанына, сондай-ақ тиісті тізілімнен шығарылғанына қарамастан күшінде болады.

Соттан тыс банкроттық рәсімін жеке тұлғалардың банк қарызы, қарыз (несие) және микрокредит беру шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі өзге де ұйымдар алдындағы берешектерге қатысты да қолдануға болады.

Алайда бұл рәсімге жүгіну үшін бірнеше талап орындалуы керек. Атап айтқанда:

  • берешек мөлшері 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс;

  • қарыз 12 ай ішінде өтелмеген болуы керек;

  • борышкердің меншігінде мүлік болмауы қажет.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтінішті қарау кезінде міндеттемелер туралы мәліметтерді уәкілетті органға кредиттік бюролар ұсынады. Бұл талап «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңның 20-бабында көзделген.

Кредиттік бюролар ұсынатын мәліметтерде қарыздың нысаналы мақсаты немесе оны қандай мақсатта пайдаланғаны туралы ақпарат қамтылмайды. Себебі заң талаптарына сәйкес соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін мұндай деректер қажет емес.

Осыған байланысты меншігінде мүлкі бар азаматтар соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алмайды. Бұған ипотекалық тұрғын үй қарызы немесе автокредит арқылы сатып алынған мүлік те жатады.

Мұндай азаматтар сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішпен тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгіне алады.

Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес, мынадай жағдайларда сот арқылы банкроттық рәсімі қолданылады:

  • борышкердің меншігінде мүлкі болса;

  • банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер және жеке тұлғалардың банк қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі өзге де ұйымдар алдындағы берешек мөлшері 1 600 АЕК-тен асса;

  • берешек мөлшеріне қарамастан, өзге тұлғалар алдындағы міндеттемелер болса.

97 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, заң күшіне енген 2023 жылғы 3 наурыздан бастап 2026 жылғы 1 қарашаға дейін банкроттықтың екі рәсімі бойынша барлығы 97 646 азамат банкрот деп танылған.

Оның ішінде 96 650 адам соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы, ал 996 азамат сот арқылы банкрот болған.

Жылдар бойынша көрсеткіш мынадай:

  • 2023 жылы – 8 243 азамат;

  • 2024 жылы – 11 648 азамат;

  • 2025 жылы – 35 025 азамат;

  • 2026 жылдың алғашқы 10 айында – 42 730 азамат.

Осылайша, банкрот деп танылған азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың 10 айындағы көрсеткіш өткен екі жылдағы жылдық нәтижеден де жоғары.

Қай өңірде банкроттар көп?

Мемлекеттік кірістер комитеті банкрот деп танылған азаматтардың өңірлер бойынша санын да ұсынды. 2023 жылдан 2026 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде ең жоғары көрсеткіш Алматы облысында тіркелген. Бұл өңірде 13 157 азамат банкрот деп танылған. Одан кейін Түркістан облысы (10 385 адам) және Алматы қаласы (8 581 адам) тұр.

Өңірлер бойынша көрсеткіштер төмендегідей:

Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген. Мұнда банкрот деп танылған азаматтар саны – 711.

396,7 миллиард теңге қарыз тоқтатылған

Комитет мәліметінше, 2023 жылдан бері банкрот деп танылған азаматтардың жалпы қарызы 396,7 миллиард теңгені құраған. Банкроттықтың екі рәсімі аясында кредиторлар алдындағы міндеттемелердің дәл осындай – 396,7 миллиард теңге сомасы тоқтатылған.

Бір азаматқа шаққанда кредиторлар алдындағы тоқтатылған міндеттемелердің орташа мөлшері 4 миллион теңге болған. Ал бір азаматқа қатысты тоқтатылған міндеттемелердің ең жоғары сомасы соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша 2,4 миллиард теңгені, сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша 44,7 миллиард теңгені құраған.

Банкрот болғандардың басым бөлігі бірнеше кредиторға қарыз

Мемлекеттік кірістер комитетінің жауабында банкроттыққа жүгінген азаматтардың берешек құрылымы да көрсетілген. Комитеттің мәліметінше, өтініш берген азаматтардың 95 пайызының бірнеше кредитор алдында қарызы болған. Негізгі берешек түрлері – тұтынушылық несиелер мен микрокредиттер.

Соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерін пайдаланып, банкрот деп танылған 97 646 азаматтың басым бөлігінің қарызы да осы санаттарға жатады.

Банкроттыққа жарты миллионға жуық өтініш түскен

2023 жылдан бері банкроттықтың екі рәсімін қолдану үшін 500 696 азаматтан өтініш келіп түскен.

Оның ішінде:

  • соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға – 486 704 өтініш;

  • сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға – 13 992 өтініш берілген.

Комитеттің дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта 23 051 азаматқа қатысты банкроттық рәсімі жүргізіліп жатыр. Оның 22 181-і – соттан тыс банкроттық рәсімі, ал 870-і – сот арқылы банкроттық рәсімі.

Сонымен қатар, 6 327 азаматтың өтініші қаралу үстінде. Ал 353 317 азаматқа соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылған.

Банкроттықтан бас тартудың негізгі себептері қандай?

Мемлекеттік кірістер комитеті соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту немесе өтінішті кері қайтару себептерін де атады. Ең жиі кездескен себеп – берешекті өтеу мерзімінің 12 айдан аспауы. Бұл негіз бойынша 242 687 азаматтың өтініші қабылданбаған.

Басқа себептер бойынша көрсеткіштер мынадай:

Банкроттыққа көбіне 34 жастағы азаматтар жүгінген

Комитеттің редакцияға берген мәліметінше, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бергендердің жас ерекшелігі бойынша ең үлкен топ – 34 жастағы азаматтар. Олардың жалпы саны 19 553 адам.

Өтініш берген азаматтардың жынысына қатысты статистика да жарияланды. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін әйелдерден 233 887, ерлерден 252 817 өтініш түскен.

Еске сала кетейік, бұған дейін банкроттық рәсімдеуде қазақстандықтар қандай қателік жіберетіні хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз: Банкроттыққа 416 мың өтініш: Қазақстандықтар несие құрсауынан неге шыға алмай жүр?