8 Қазан 2026, 17:39 Фото: istockphoto.com

Балаларды Испанияға апарамыз деп ата-аналардан 24 млн теңге алған жаттықтырушы сотталды

Астанада тоғыз ата-ананы алдаған жаттықтырушы 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Ол ақшаны түрлі шығынға деп жинаған.

Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп, ата-аналарды алдаған азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Алаяқтық салдарынан тоғыз жәбірленушіге 24 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.

Сотталған адам ата-аналарға жас футболшылардың Испанияда өтетін халықаралық турнирге «барлығы қамтылған» тарифы бойынша баратын сапарын ұйымдастыратынын айтқан.

Ол турнирге қатысу ақысын төлеу, әуе билеттерін сатып алу, визалық қызметтерді рәсімдеу, балаларды алып жүру және спорттық киім алу сияқты түрлі шығындарды сылтау етіп, жәбірленушілерден ақша алған. Алайда кейін сотта анықталғандай, ол өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Ал ата-аналардан алған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған, - деп хабарлады елордалық прокуратура.

Нәтижесінде тоғыз жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асты.

Сот үкімімен сотталған адамға 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар келтірілген материалдық залал толық көлемде сотталған адамнан өндіріп алынды.

Прокуратура ата-аналарға ескерту жасады

Астана қаласының прокуратурасы балаларды шетелдегі спорттық жарыстарға жіберу кезінде ата-аналарға сақ болуды ескертті.

Ведомство ұйымдастырушылардың өкілеттіктерін, турнирге ресми шақырудың бар-жоғын, тиісті шарттарды, әуе билеттерін және брондауды растайтын құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді.

Прокуратураның мәліметінше, тек ауызша уәделерге сеніп, ірі көлемдегі ақшалай қаражатты бермеу қажет.

«Барлығы қамтылған» сапар туралы ұсыныс жасалған жағдайда оның нақты қандай қызметтерді қамтитынын және әр шығынның құжатпен расталғанын алдын ала тексерген жөн.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Арқалықтағы екі колледжде грантқа қатысты былық шықты. Тексеру кезінде кей студенттердің күндізгі бөлімде грантпен оқи отырып, басқа өңірде жұмыс істегені анықталды. Бюджетке 3 млн теңге қайтарылды.

Тағы оқи отырыңыз: