Бүгiн 2026, 12:43 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Аймағамбетов ұялы байланыс тарифін арзандатудың жолын ұсынды

Мәжілісте депутаттар азаматтарды мазалайтын автоматты қоңыраулар мен ұялы байланыс тарифтерін төмендету мәселесін көтерді

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке автоматты қоңырауларға тыйым салу және ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсекені күшейту мәселелері бойынша сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат заң жобасында пайдалы нормалар көп екенін атап өткенмен, азаматтарды мазалайтын автоқоңырау мәселесі әлі шешілмей отырғанына назар аударды.

«Автодозвон» арқылы азаматтарды мазалау үлкен проблемаға айналды. Комитетте де бұл мәселе көтерілді. Бірақ министрлік мұндай қоңырауларға тыйым салу нормасын қолдамай отыр. “Бұйрық деңгейінде шешеміз” дедіңіздер, алайда бірнеше ай өтсе де мәселе шешілген жоқ, – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ депутат байланыс операторлары алаяқтардың шетелдік нөмірлер арқылы жасайтын шабуылдарын тоқтату үшін қандай техникалық шаралар қабылдап жатқанын сұрады.

Бұдан бөлек, ол мобильді операторлардың инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану тәжірибесін енгізуді ұсынды. Аймағамбетовтің айтуынша, Еуропа мен АҚШ-та операторлар әрқайсысы бөлек кабель тартпай, ортақ инфрақұрылымды пайдаланады.

Әр оператордың жеке кабель тартуының орнына бар арналарды бөлісуді міндеттеу тиімдірек болмас па еді? Бұл бәсекені арттырып, тарифтердің төмендеуіне әсер етуі мүмкін, – деді депутат.

Өз кезегінде министр Жаслан Мәдиев автодозвон мәселесі әлі де қарастырылатынын айтты.

«Автодозвон» бойынша ұсынысты егжей-тегжейлі талқылаймыз, – деді ол.

Ал байланыс операторлары арасындағы бәсекеге қатысты министр қазіргі таңда нарықта үш ірі мобильді оператор жұмыс істейтінін және оптикалық байланыс операторлары да бар екенін атап өтті.

Мәдиевтің сөзінше, жаңа ойыншылардың нарыққа келуі оның табыстылығына байланысты болады.

Егер нарық табысты әрі тартымды болса, бәсекелестік жаңа операторлардың пайда болуына мүмкіндік береді, – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін тариф қымбаттағанын айтып, депутат Нартай Сәрсенғалиев байланыс операторларына шағымданды.

Сондай-ақ, Қазақстанда телефон алаяқтарына қарсы жаңа шектеулер енгізілетіні айтылды

Тағы оқи отырыңыздар:

Қазақстан 3G-дан бас тартып, 5G-ға ауыспақ

Елімізде SIM-карталарды тіркеу қатаңдайды