16 Қазан 2026, 17:36 Фото: gov.kz

Айлығы 1,2 млн теңге, екі пәтері бар: Еңбек министрі тікелей эфирде қай санатқа жататынын есептеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың отбасы әл-ауқат деңгейін бағалайтын арнайы калькулятордың нәтижесі бойынша В санатына жатқызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбындағы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері журналистерге қазақстандық отбасыларды әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлетін калькулятордың жұмысын көрсетті.

Алғашында мысал ретінде шартты көпбалалы отбасын алу жоспарланған. Алайда журналистер министр Асқарбек Ертаевтың отбасының деректерін тексеруді ұсынды. Калькуляторға мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев енгізді.

Министрдің айлығы – 1,2 млн теңге

Алдымен министрдің жасы мен табысы көрсетілді. Асқарбек Ертаев 49 жаста, ай сайынғы жалақысы – 1,2 млн теңге. Калькуляторда оның ресми түрде жұмыс істейтіні де белгіленді.

Одан кейін жұбайының мәліметтері енгізілді. Министрдің айтуынша, 44 жастағы әйелі қазіргі уақытта жұмыс істемейді, сондықтан оның табысы көрсетілмеген.

Отбасы құрамына министрдің төрт баласы да енгізілді. Үлкен ұлы 29 жаста, жұмыс істейді және айына орта есеппен 600 мың теңге табады. Екінші ұлы 23 жаста, оның айлық жалақысы – 400 мың теңге. Сонымен қатар министрдің 13 жастағы мектеп оқушысы қызы және төрт жастағы кіші ұлы бар.

Есептеу нәтижесінде отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 366 667 теңге болды.

Астанада екі пәтері бар

Калькуляторға отбасының жылжымайтын мүлкі мен көлігі туралы ақпарат та енгізілді. Министрдің айтуынша, отбасына Астанадағы ауданы 60 шаршы метр екі бөлмелі және 100 шаршы метр үш бөлмелі екі пәтер тиесілі.

Сондай-ақ отбасының меншігіндегі 2013 жылғы Toyota Camry XV50 автокөлігі көрсетілді. Министрдің сөзінше, оның бизнесі мен жер учаскелері жоқ.

Есептеу толық аяқталмай тұрып-ақ калькулятор отбасының табысы басқа қазақстандықтардың көрсеткіштерінен қаншалықты жоғары екенін көрсете бастаған.

Калькулятор министрдің отбасын В санатына қосты

Есептеу қорытындысы бойынша Асқарбек Ертаевтың отбасы Қазақстандағы отбасылардың 91%-ынан ауқаттырақ болып шықты. Бұл шамамен 6,2 млн үй шаруашылығының 5,6 миллионына қатысты көрсеткіш.

Калькулятор нәтижесінде министрдің отбасы әл-ауқат деңгейі жоғары, яғни В санатына жатқызылды.

Есептеу соңында экранда отбасының мүмкіндігі жеткілікті болса, алатын жәрдемақысынан ерікті түрде бас тартып, оны әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға беруге болатыны туралы хабарлама шықты. Бұл шешім азаматтың өз еркінде екені және оның қоғамдық ынтымақтастықтың көрінісі саналатыны айтылды.

Одан кейін пайдаланушыға екі нұсқаның бірін таңдау ұсынылды: «Иә, дайынмын» немесе «Жоқ». Калькуляторды көрсету барысында Асқарбек Ертаев жәрдемақылардан ерікті түрде бас тартуға дайын екенін білдіретін нұсқаны таңдады.

Еске салсақ, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Тағы оқи отырыңыз: