Жәрдемақы: 2027 жылдан бастап қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Қазақстанда әлеуметтік әл-ауқатты бағалаудың жаңа әдістемесі 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі

16 Қазан 2026, 16:02
АВТОР
 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 16 Қазан 2026, 16:02
16 Қазан 2026, 16:02
126
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету кезінде отбасының нақты мұқтаждық деңгейі ескеріледі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік әл-ауқатты бағалаудың жаңа әдістемесі күшіне енеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбындағы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде қолдауды өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға бағыттауы керек. Осыған байланысты әлеуметтік саясатта жәрдемақыларды формалды түрде тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшу көзделіп отыр.

Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмауы керек. Бұл – әлеуметтік саясаттың басты қағидаты, – деді Асқарбек Ертаев.

Оның сөзінше, әлеуметтік әл-ауқатты бағалаудың жаңа әдістемесі 2026 жылғы 30 қыркүйекте бекітілген. Ал 2023 жылдан бері қолданылып келе жатқан қолданыстағы ереже 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жояды.

Жаңа әдістеме екі компоненттен тұрады

Министрдің түсіндіруінше, жаңа әдістеме отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын бағалауды қамтиды.

Бірінші компонент – материалдық әл-ауқат. Ол алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Олардың қатарында отбасының кірісі, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, көлігі, бизнесі, ауыл шаруашылығына қатысы және кредиттері бар.

Бағалауға қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық базалардан алынады. Сондықтан азаматтардан қосымша анықтама талап етілмейді және мемлекеттік органдарға арнайы барудың қажеті жоқ. Барлық отбасының әл-ауқаты бірыңғай өлшемшарттар бойынша автоматты түрде бағаланады.

Екінші компонент – отбасының әлеуметтік тұрақтылығы. Бұл ретте отбасының құрамы, оның ішінде балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі.

Министрдің айтуынша, асырауындағы адамдардың жүктемесі жоғары болған сайын отбасының әлеуметтік тұрақтылығы төмен болуы мүмкін. Сондықтан табысы бірдей екі отбасының әл-ауқат деңгейі де бірдей бола бермейді. Әлеуметтік жүктемесі жоғары отбасыларды бағалау кезінде осы ерекшеліктер назарға алынады.

Бағалау кезінде кімдер есепке алынады?

Жаңа әдістеме бойынша бағалау нысаны – жәрдемақы алушының өзі емес, тұтас үй шаруашылығы.

Яғни бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдар есепке алынады. Сонымен қатар белгіленген тәртіпке сәйкес, бөлек тұрған жағдайда да балалар отбасы құрамына енгізіледі.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Наверх