Айбар Олжай: Мұнай тәуелділігі азайғанымен, қарызға тәуелділік күшейді
Сарапшы кірістің жеткіліксіздігі жағдайында Үкімет қарыз алуды күшейтіп отырғанын айтты.
Қазақстан бюджеті бір тәуелділіктен екіншісіне ауысып барады. Экономист Айбар Олжай пікірінше, мұнай кірісіне тәуелділікті азайту басталғанымен, оның орнын мемлекеттік қарыз басып келеді.
Кіріс неге өспеді?
2026 жылдың І тоқсанында мемлекеттік бюджет кірістері 3,65 трлн теңгені құрады. Алайда бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елеулі өсім емес.
Басты себеп – мұнай секторындағы құлдырау. Технологиялық апаттар салдарынан өндіріс азайып, экспорттық кедендік баж (ЭТП) түсімдері 54%-ға төмендеді.
Оның үстіне, бюджетке Ұлттық қордан алынатын трансферт былтырғымен салыстырған күрт төмендеді. Себебі оған бюджеттік Кодекс бойынша шектеу бар. Бюджет биыл Ұлттық қордан тек 2,77 триллион теңге ғана ала алады, - деп жазады экономист.
"Жұманғарин эффектісі": нәтиже бар, бірақ жеткіліксіз
Сондай-ақ сарапшы жаңа Салық кодексі аясында енгізілген өзгерістер белгілі бір нәтиже бергенін айтты.
"Жұманғарин эффектісі" де бюджетке біршама көмектесті. Оның аясында биылғы бірінші тоқсанда салық түсімдері 29,4 пайызға өскен. Ол жаңа Салық Кодексі есебінен, яғни НДС пен корпоративті салықтан көбейді. Бірақ мұнайдың минусын салық толық жаба алмады, - деді ол.
Қарызға тәуелділік күшейіп келеді
Кірістің жеткіліксіздігі жағдайында Үкімет қарыз алуды күшейтіп отыр. Экономист сөзінше, 2026 жылдың наурыз айының басында мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру көлемі 870 млрд теңгеге жетті.
Үкіметтің әсіресе ішкі нарықтан қарыз алуға тәбеті артып барады. Бұл Қаржы министрлігін "облигациялық наркоман" дертіне шалдыруы мүмкін. Сонда Үкімет өзінің қарыз алу бойынша жылдық жоспарының 71 пайызын бірінші тоқсан бітпей жатып орындап тастаған, - дейді экономист.
Олжайдың сөзінше, қарыз алу уақытша шешім болғанымен, оның салдары ұзақ мерзімді.
Ал енді, қарызды қайтаруға кететін қаржы бюджет шығындарының 17,2 пайызын құрайды. Бұл тапқан 100 мың теңгесінің 20 мың теңгесін кредитін төлеуге жұмсайтын көршімнің жай-күйіне ұқсап отыр, - дейді экономист.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстан, Германия, Ресей: "Достық" құбыры арқылы мұнай тасымалының тоқтауы кімге зиян?
Қазақстанда 100 мұнай учаскесі аукционға шығарылады: Алғашқы 30-ы – жуық арада