Атыраудағы қанды қылмыс: Қайынжұртын өлтірген Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды
Сот оны төрт адамды өлтірумен қатар алаяқтық, мал ұрлау, құжаттарды заңсыз иелену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жангелдиндер отбасын өлтіргені үшін айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ ол алаяқтық, ұрлық, мал ұрлау, құжаттарды заңсыз иелену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп танылды.
Бірнеше айға созылған сот процесінде ондаған сот отырысы өтті. Осы уақыт ішінде айыпталушының соттағы мінез-құлқы да көпшіліктің назарын аударды. Ол отырыстардың басым бөлігінде өзін байсалды ұстап, кейде жымиып, тіпті күліп отырған. Эмоциясын байқатпаған Сәрсемәлиев тек әкесі сот залына келген кезде ғана көзіне жас алып, өзін ұстай алмады.
Сот барысында ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты мойындамады. Айтуынша, араларында жанжал туындап, кейін өзін қорғану үшін әрекет етуге мәжбүр болған. Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп тапты. Сонымен қатар айыпталушы жауап беру кезінде қаза тапқан адамдарды жазықсыз деп есептемейтінін айтып, болған оқиғаны бұрынғы жұбайының туыстарымен арадағы ұзақ жылдарға созылған жанжалмен байланыстырды.
Іс материалдарына қарағанда, Наурыз Мұқанғалиев қаза тапқаннан кейін Сәрсемәлиев алғашқы қылмыстың ізін жасыруды көздеген. Өз сөзінде ол осы мақсатпен Наурыздың ата-анасын да өлтіргенін айтқан. Кейін ата-анасы мен ағасын іздеп, олардың жоғалғанына алаңдай бастаған Мирамгүл де оның құрбаны болған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстардан кейін айыпталушы марқұмдардың мүлкін өз пайдасына жаратқан. Ол отбасына тиесілі малды сатып, банк карталарындағы қаражатты шешіп алған. Бұдан бөлек, көз жұмған адамдардың атына шамамен 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, олардың атынан зейнетақы да алған.
Қылмыс жасалғаннан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайымен бірге Қазақстаннан кеткен. Олар біраз уақыт Индонезияда болып, кейін Интерполдың көмегімен ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Сотталушы шетелге қашқанын жоққа шығарып, мақсаты «Құдайдан кешірім сұрау» болғанын мәлімдеген. Алайда тергеу бұл әрекетті қылмыстық қудалаудан жасырыну талпынысы ретінде бағалады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы 18 мамырда өтті.
Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.
Атыраудағы сотта жаңа деректер әшкере болып, тергеу дерегінше мәйіт аулада 8 ай бойы көміліп жатқаны белгілі болды.